«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Қиял-ғажайып ертегі» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Орманбет би
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Ертеде Орманбет деген кісінің сиқыршы ашына әйелі болады. Ол әйел Орманбеттің бәйбішесін бірде киік, бірде қарақұс етіп сиқырлайды. Киік түріндегі әйел бір мергеннің көмегімен адам түріне еніп, асқан сиқыршы болады да, ашына әйелді Орманбетпен қоса есек қылып жібереді, сөйтіп кегін алады.
Қолжазбаның атауы
Он бес сұлудың хикаясы
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Мысыр шаһарының патшасы Мақмұт алпыс төрт жасында ауыр сырқатқа шалдығады. Барлық дәрігерлер мен ғұламалар жиналып, оның ауруын емдеуге тырысады. Ақырында Шыңжаңдағы Суарданың қызы Рисал сұлудың ем болатыны анықталады. Патша Рисалды алдырып, оның емін қабылдап, ауруынан айығады. Рисал сұлудың ерекше сұлулығына қызыққан патша оған үйленеді. Алайда Рисалдың өзіндік шарты болады: патша оның үш тілегін орындауы керек. Патша бұл тілектерді қабылдайды. Рисалдың бірінші тілегі бойынша оның бес уәзірінің бірі Рашидке еркіндік беріледі. Кейін Рисалдың күйеуі қайтыс болып, Мұрқан атты ұлы таққа отырады. Мұрқан ақылды, ер жеткен жігіт болып, патшалықты басқарады. Хикаяда Мұрқанның және басқа кейіпкерлердің Самал, Жайпыр, Ғажап, Шекнар, Шакир, Сайлам, Сарығын, Майгүл, Анархан, Біләл, Амт, Шумасен, Жанар, Айқа атты он бес сұлуға байланысты оқиғалары баяндалады. Сұлулардың әрқайсысының ерге шығуы мен тағдыры жеке-жеке хикая етіледі.
Қолжазбаның атауы
Гүл самовар
Қолжазбаның жанры
қиял-ғажайып ертегі
Қысқаша мазмұны
Араб еліндегі Рашид байдың Махамбет атты ұлы әкесі айттырған қызды алмай, өзі іздеп табады. Бірақ оған берген сертін орындай алмай, қыздан айрылып қалып, онымен қайтадан қосылу үшін бірталай жол жүріп, көп қиындықтардан өтіп, түрлі ғажайып нәрселер көреді. Соның арасында Мысыр қаласында тұратын Самовар атты патшаның тарихын біліп алып, қызының әкесіне айтып келіп, сүйгенімен қайтадан қосылады.
Қолжазбаның атауы
Қасым батыр
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Ілгері өткен заманда Қабыл атты қалада Шынтемір деген әділ патша болады. Патша бір балаға зар болып жүргенде, бір түні түсіне Қыдыр еніп, елу жасқа келгенде балалы болатынын айтады. Шынтемір балалы болып, атын Қасым қояды. Қасым оқып, біліп алып, ер жетеді. Күндердің күнінде патша түсінде ғажайып құс көріп, сол құсқа ғашық болады. Уәзірлерін, көпшілікті жинап, құсты әкелуге адам іздейді. Ешкім шықпаған соң Қасым құсты іздеп, сапарға аттанады. Көп қиындықтарды бастан кешіп жүргенде, Асылхан атты әкесінің досы болған патшаның шаһарына кез болады. Асылхан оған Қабылды есімді аярын ертіп жібереді. Мүсілім патшаның шаһарында Жанар атты сұлу қыздың суретін көріп, Қасым оған ғашық болады. Жанарды дәудің қамалынан көп қиындықпен босатып алады. Ұзақ сапардан соң Жанар мен ғажайып құсты алып келсе, елін Қарахан патша шауып кетеді. Қараханнан әкесінің кегін қайтарып, елін жаудан азат етеді. Жауды жеңген соң Қасым патша болып, таққа отырды. Қабылды аяр Қасымға уәзір болады. Сөйтіп бәрі бақытты өмір сүріп, барша мұраттарына жетеді.
Қолжазбаның атауы
قالي مەن قازي ەرتەگىسى / Қали мен Қази ертегісі
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Жастайынан сиқыр оқыған ағайынды екі жігіт Қали мен Қази бірі балық болып, бірі құс болып, елден алысқа кетеді. Қали бөтен бір қаладағы кемпірге көмектесіп, нан сатып жүреді. Сөйтіп жүріп ханның қызына ғашық болады. Сиқыр жасап, қызды үйіне алдырады. Хан тіккен жамбыны атып түсіріп, Қали қызды алады. Көрші елде қол бастап, жауын жеңіп жүрген Қазиды сиқырмен жеңіп, өлтіреді. Інісі екенін білген соң тірілтемін деп әуреленеді. Дәрісі мен өнері жетсе де, өлгенді қайта тірілту мүмкіндігі жоқ екенін мойындайды.
Қолжазбаның атауы
Қасқырдың жасаған қамқорлығы
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Ерте заманда бір шаруаның есімдері бір- біріне ұқсас Қапты, Бапты, Сақты атты үш ұлы болыпты. Шаруаның алма бағындағы алмаларын бір алтын құс күнде шұқып жеп кетеді екен. Шаруаның ұш ұлы күнде кезекпен бақты күзетіп жүреді. Шаруаның кіші ұлы Сақты бір күні құсты ұстап алады, бірақ ол жұлқынып босанып кетеді. Сақтының қолында құстың бір қанаты ғана қалады. Әкесі үш баласын құсты тауып әкелуге жұмсайды. Құсты іздеп шыққан Сақтыға жолында бір қасқыр кездесіп, баланың астындағы атын жеп қояды. Бірақ жаяу қалған балаға қасқырдың жаны ашып, құсты тауып беруге өзі себепкер болады. Қасқыр құспен бірге Сақтыға жақсы ат, сұлу қыз да алып береді.
Қолжазбаның атауы
Күлсе аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа көзінен моншақ-моншақ маржан түсетін құс
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Ертеде бір патшаның Асан, Үсен, Хасен атты үш ұлы болады. Бір күні патша балаларына: «Мен түсімде күлсе аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа көзінен моншақ-моншақ маржан түсетін құс көрдім. Осы құсты тауып әкеліңдер», — деп тапсырма береді. Асан мен Үсен бір бөлек, Хасен өзі іздеуге шығады. Патшаның кіші ұлы Хасен көптеген қиыншылықтарды жеңіп құсты табады. Еліне келе жатқан жолда ағалары жолығып, оған қастық жасайды. Құстың бұрынғы иелерінің көмегімен ажалдан аман қалып, өз мақсат-мұратына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Жылан қабықты жігіт
Қолжазбаның жанры
Қиял-ғажайып ертегі
Қысқаша мазмұны
Бір кедей шалдың бәйбішесі айдаһар етіне жерік болып жылан қабықты бала туады. Баланың атын Шаһмардан деп қояды. Шаһмардан сол елдің ханы Бабаханның қызы Нұрсұлуға ғашық болады. Жігіт түрлі өнермен жеңіп хан қызын алады. Бірақ көпке дейін қосыла алмайды. Ақыры Нұрсұлудың адал махаббаты үлкен қиындықты жеңіп, Шаһмарданды іздеп тауып барады да, ойлаған мақсаттарына жетеді.