«ЭПОС - Шежіре-жыр» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Шежіре-өлең
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Шежіре-жыр – «Амудария құйылысындағы шежіре» атты туындының «Бұлардан өрбіп тараған, «Ұлы жүз» депті жұртымды» деген жолдарына дейінгі бір үзіндісі.
Қолжазбаның атауы
Шежіре
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Жыр қалыптасқан үрдіс бойынша Адам ата мен Хауа ананың тарихынан басталады. Содан кейін Мұхаммед пайғамбарды дәріптей келе, Әнес сахабаға ауысады. Шежірешінің негізгі ұстанымы бойынша: «Қазақтың түп атасы осы Әнес сахабадан басталған». Жырдың түпкі мазмұнында Әнес сахабаның Пайғамбарды ақылшы тұтқаны, қалай құрметтегені туралы айтылады. Әнес сахабаның қалай өсіп-өнгені жырға арқау болғанмен, шығарма аяқталмай қалған.
Қолжазбаның атауы
Үш жүздің шежіресі
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Жыршы жыр-шежіреде үш жүзді түгел қамтиды. Үш жүзді жеке-жеке ру-тайпаларға бөліп, әдеби көркем тілде жырлаған.
Қолжазбаның атауы
Туыс шежіре өлең
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Қайролла Иманғалиев шежіре-жырды Адам атадан бастап, оның жаратылуына байланысты ой толғайды. Кейінгі Пайғамбарлар мен сахабаларға, имамдарға тоқталып, иманнан өзге дүние-мүлікке қызықпағанын насихат етеді. Нұқ пайғамбардың Япыс деген баласынан Энжі, Қытай, Түрік, Монғол халықтарын таратып, жалпы түркі дүниесіне шолу жасайды. Қайролланың пайымынша, Түріктен Ұрым, Қырым, Алау туған. Алаудан: Алаш, Наурыз. Алаштың Мағаз атты ұлынан Қазақ тараған. Жалпы Алты Алаш бірлестігіне қазақ, түркімен, өзбек, қырғыз, қарақалпақ (біреуі аталмай қалған – Т.Ә.) халықтары жатады. Басында қазақтар «Хиуалы Әлі бимен қосып ірге, Жүріпті Қарезімнің қарауында». Кейін Әлі бимен араздасып, Түркістанға қоныс аударған. Қытайдың қыспағымен ығысқан қазақтан өрбіген Үйсіндер Алатауға, Арғын, Қыпшақ Сырдан Арқаға дейінгі жерлерге, ал Кіші жүз Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Елек, Қобда салаларына ірге тебеді. Жыршы: «Айналып Алатаудан Адай келген, Маңғыстау – үш түбекті мекен еткен», – деген мәліметтер келтіреді. Қайролла жыршы Кіші жүздің өкілі болғандықтан, шежіренің негізгі бөлігін сол бірлестікке арнайды. Әсіресе, Алшын туралы тосын деректер келтіріп, оны Қазақтың Алаужеке деген ұлынан туған Құдуардан таратады. Алшынның Мекке мен Мединенің арасындағы Салқын су деген бұлақтың бойында туып, ұрпағы төрт жүз түтінге толғанда маңайындағы мұсылман руларының шапқынынан шыдамай қырық жыл бойы көшіп жүріп, бүгінгі атамекенге ат басын тірейді. Бұдан әрі шежіреші он екі ата Байұлы, алты ата Әлім, Жетіру шежіресіне кеңінен тоқталып, әрқайсысын тарата жырлайды.
Қолжазбаның атауы
Түрік тайпалары және қазақ үйсіндер
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Шежіреде Адам атадан бастап, адамзаттың тарихын түгел қамтып, қазақтың үш жүзге бөлінетін құрылымына дейін таратып жырлаған. Асан ата шежіресіне сүйене отырып ежелгі тайпа, ру, жер атауларын көптеп пайдаланған. Соның ішінде Ұлы жүз руларына кең шолу жасап, тек қазақ рулары туралы ғана емес, өзге де халықтардың шығу төркінін жан-жақты қамтыған.
Қолжазбаның атауы
Табын туралы
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Құдиярдан тараған үш баланы «Қадырқожа, Нұрқожа, Сәдірқожа» еді деп таратып, жыршы Нұрғожадан өрбіген ұрпаққа арнайы тоқтайды. Оның білуінше бұл атадан Ердері, Рамадан, Керейт, Тілеуке,Жағалбайлы, Тама мен Табын тарайды. Әрі қарай Табынға кең орын беріліп, оған кіретін аталардың шығу тарихын баяндайды. Атақты батырларды, ақын-жырауларды, бай-бағландарды, би-шешендерді, ел басшыларын, дін өкілдерін жырына өзек етеді. Әсіресе, Табынның Толыбай, Алыбай сияқты тармақтарына ерекше ден қойып, атасы Құлманмен шежірені аяқтайды.
Қолжазбаның атауы
Сатыпалдыұлы Файзолла қаридың өлең шежіресі
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Шежіреші Нұқ пайғамбарды екінші Адам деп есептейді. Себебі ол – жер жүзін топан су басқаннан кейін адамзат ұрпағын жалғастырушы. Оның Хам, Сам, Япыс атты балаларынан жер шарының барлық халықтары өрбіген. Атап айтқанда, Африка, Америка, Азия құрлықтарындағы Негрия, Үндістан, Араб, Индия, Жапон, Бостон, Ангола, Эпиопия сияқты елдердегі қара нәсілді ұлттар мен ұлыстар Хамның ұрпақтары. Ал ақ нәсілділер қатарында Самның тұқымдары: неміс, испан, ағылшын, Италия, Белгия, Швеция және Руслан (Россия). Сары нәсілді Япыстан тарағандар: Қытай мен Түрік, Татар, Моңғолия, Иран, Ирак, Саклап, Жангория сынды елдердегі халықтар. Бұған Түркі халықтарының бәрі жатады. Файзолла қаридың пайымынша түріктен Аннас деген адам Мединаға көшіп барып, жүз жасқа келгенде Басрада қайтыс болады. Өлерінде үш әйелі мен балаларына енші беріп, дүние-мүлкін бөліске салады. Кіші әйелі төрт түлік малдан енші алып, Түркістан жеріне көшіп келеді. Одан туған үш баланың кішісі Жабилден – Мағаз, одан Ақшолпан, Ақшолпаннан Алаш тарайды. Алаштан: Сейілхан мен Жайылхан, соңғысынан Майқы туып, одан Өзбек, Сапиян тарайды. Сапияннан Аққалпақ, Айырқалпақ өрбіп, соңғысынан Қазақ пен Созақ туады. Шежіреші Қазақтан Ақарыс, Жанарыс пен Бекарыс жаралғанын айта келіп, ары қарай қазақтың төл шежіресін таратады. Сөз арасында қазақтың үш жүзге бөлінуі, олардың құрамындағы ру-тайпалар, батыр-бағландар, жер бөлісі, жоңғар шапқыншылығы, Ресей бодандығы т.б. тарихи оқиғалар баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Пісмілла сөз бастайын әуел бастан
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Жыршы шежіренің кіріспесінде бұрын-соңды жершарында өткен 124 мың пайғамбар, 33 мың сахаба, 12 имам туралы деректер бере отырып, Әнес сахабаға арнайы тоқталады. Жырда оның ұрпақтары дүниенің жеті ықылымына тарап, сан тілді халықтар өрбігені сөз болады. Әнестің Жәбіл деген баласынан Алты Алашты шығарып, оның құрамына мына ұлттарды кіргізеді: түрікпен, қарақалпақ, қырғыз, қазақ, естек, өзбек. Қартбай жыршы әрі қарай осы халықтардың шығу, географиялық орналасу тарихына жеке-жеке тоқталып, әсіресе қазақтың әр кезеңдердегі қоныстарына байланысты деректер келтіреді. Қазақ халқының сексен екі таңбасы мен жетпіс жеті әулиесі бар екендігіне дәлелдер келтіріп, соңында жапсарлас халықтардың дұшпандық әрекеттерін де баяндап өтеді.