Шежіреші Нұқ пайғамбарды екінші Адам деп есептейді. Себебі ол – жер жүзін топан су басқаннан кейін адамзат ұрпағын жалғастырушы. Оның Хам, Сам, Япыс атты балаларынан жер шарының барлық халықтары өрбіген. Атап айтқанда, Африка, Америка, Азия құрлықтарындағы Негрия, Үндістан, Араб, Индия, Жапон, Бостон, Ангола, Эпиопия сияқты елдердегі қара нәсілді ұлттар мен ұлыстар Хамның ұрпақтары. Ал ақ нәсілділер қатарында Самның тұқымдары: неміс, испан, ағылшын, Италия, Белгия, Швеция және Руслан (Россия). Сары нәсілді Япыстан тарағандар: Қытай мен Түрік, Татар, Моңғолия, Иран, Ирак, Саклап, Жангория сынды елдердегі халықтар. Бұған Түркі халықтарының бәрі жатады. Файзолла қаридың пайымынша түріктен Аннас деген адам Мединаға көшіп барып, жүз жасқа келгенде Басрада қайтыс болады. Өлерінде үш әйелі мен балаларына енші беріп, дүние-мүлкін бөліске салады. Кіші әйелі төрт түлік малдан енші алып, Түркістан жеріне көшіп келеді. Одан туған үш баланың кішісі Жабилден – Мағаз, одан Ақшолпан, Ақшолпаннан Алаш тарайды. Алаштан: Сейілхан мен Жайылхан, соңғысынан Майқы туып, одан Өзбек, Сапиян тарайды. Сапияннан Аққалпақ, Айырқалпақ өрбіп, соңғысынан Қазақ пен Созақ туады. Шежіреші Қазақтан Ақарыс, Жанарыс пен Бекарыс жаралғанын айта келіп, ары қарай қазақтың төл шежіресін таратады. Сөз арасында қазақтың үш жүзге бөлінуі, олардың құрамындағы ру-тайпалар, батыр-бағландар, жер бөлісі, жоңғар шапқыншылығы, Ресей бодандығы т.б. тарихи оқиғалар баяндалады.