Қайролла Иманғалиев шежіре-жырды Адам атадан бастап, оның жаратылуына байланысты ой толғайды. Кейінгі Пайғамбарлар мен сахабаларға, имамдарға тоқталып, иманнан өзге дүние-мүлікке қызықпағанын насихат етеді. Нұқ пайғамбардың Япыс деген баласынан Энжі, Қытай, Түрік, Монғол халықтарын таратып, жалпы түркі дүниесіне шолу жасайды. Қайролланың пайымынша, Түріктен Ұрым, Қырым, Алау туған. Алаудан: Алаш, Наурыз. Алаштың Мағаз атты ұлынан Қазақ тараған. Жалпы Алты Алаш бірлестігіне қазақ, түркімен, өзбек, қырғыз, қарақалпақ (біреуі аталмай қалған – Т.Ә.) халықтары жатады. Басында қазақтар «Хиуалы Әлі бимен қосып ірге, Жүріпті Қарезімнің қарауында». Кейін Әлі бимен араздасып, Түркістанға қоныс аударған. Қытайдың қыспағымен ығысқан қазақтан өрбіген Үйсіндер Алатауға, Арғын, Қыпшақ Сырдан Арқаға дейінгі жерлерге, ал Кіші жүз Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Елек, Қобда салаларына ірге тебеді. Жыршы: «Айналып Алатаудан Адай келген, Маңғыстау – үш түбекті мекен еткен», – деген мәліметтер келтіреді. Қайролла жыршы Кіші жүздің өкілі болғандықтан, шежіренің негізгі бөлігін сол бірлестікке арнайды. Әсіресе, Алшын туралы тосын деректер келтіріп, оны Қазақтың Алаужеке деген ұлынан туған Құдуардан таратады. Алшынның Мекке мен Мединенің арасындағы Салқын су деген бұлақтың бойында туып, ұрпағы төрт жүз түтінге толғанда маңайындағы мұсылман руларының шапқынынан шыдамай қырық жыл бойы көшіп жүріп, бүгінгі атамекенге ат басын тірейді. Бұдан әрі шежіреші он екі ата Байұлы, алты ата Әлім, Жетіру шежіресіне кеңінен тоқталып, әрқайсысын тарата жырлайды.