∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Шежірелік аңыз» айдарының архиві

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Қазақ деген сөз «қыз» бен «ақ» деген сөзден қосылып, «қазақ» болған…
Қолжазбаның жанры
Шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Бір заманда бір патшаның бойжеткен қызы түсінде тұрмысқа шыққанын көріп, жүкті болып қалады. Ол өзінің себепсіз жүкті болып қалғанын атасына айтудан қорқып, сырын өзінің бағушысы мен қасындағы қызметші қызға айтады. Олар хан қызының таза екендігіне куәлік берсек, басымыз бәлеге қалар деп қорқып, қызбен бірге мол азық-түлік, алтын-күміс алып тауға қашады. Бір жерге барып тоқтағанда бір аңшы жігітке жолығады. Ол киіктің үш лағын қолға түсіріп, енді олардың енесін ұстайын ден тұрған екен. Хал сұрасқан соң хан қызы шын сырын айтып береді. Сонда аңшы патша қызын ұнатып, оған өзіне қосылуға ұсыныс жасайды. Сонда қыз тағдырыма жолыққан осы шығар деп келіседі. Бірақ аңшыдан өзінің келісімі үшін қалың мал ретінде киіктің үш лағын сұрайды. Аңшы келісіп, қыз лақтарды босатып жібереді. Аңшы жігіт қызды еліне әкеледі. Сонда қызды көргендер оның сұлулығына қайран қалып: «Бәрекелді, қыз-ақ екен. Бұдан артық сұлулық болар ма?!» деп, таңданып, тамсанады. Кейін бұл сөз қызға лақап есім болып, одан тараған ұл-қыздарын «қыз-ақ балалары» деп атап кетеді. Кейін оның соңғы бөлігі айтылмай, алдыңғысы «қаз-ақ, қазақ» болып аталып кетеді. Сол себептен Құдай тағала патша қызына үш перзент береді. Солардан патша қызы мен аңшы жігіттің тұқымы көбейіп, бұлар ұзақ уақытта рахат, қайғысыз өмір сүреді.
Қолжазбаның атауы
Қазақтың қысқаша шежіресі
Қолжазбаның жанры
Шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ертеде Қырымдағы түрік халықтары арасына түбі араб тайпаларынан шыққан Әнәс деген кісі келіп қоныстанады. Ол өзі оқыған, сауатты адам болып, қырымдықтардың тілінде балаларды оқытады. Әнәстің Мағаз деген бір баласы да түрік балалармен бірге ойнап, өсіп ержетеді. Күндердің күнінде оны Қырым ханы көріп, оны өз сарайында бала оқыту үшін Әнәстен қалап, сұрап алады. Мағаз сарайда тұрып, ханның қол астында мұғалім болып, бала оқытады. Уақыт өте Мағаз үйленіп, әйелінен Сапыл дүниеге келеді. Сапылдан Ақшолпан, Қурай деген екі перзент тарайды, ал Ақшолпанның Аламан деген бір баласы болады. Осы Аламаннан Алаш деген бала туып, бір кезде осы Алаштан Жайылхан, Сейілхан деген екі ұл тарайды. Енді бір заманда Алаштың Сейілханынан сегіз аталы түрікпен рулары, ал Жайылханнан Майқы деген ұрпағы тарайды. Осы Майқыдан Өзбек және Қобян деген екі бала туып, ер жетеді. Майқының Өзбегінен өрбіген ұрпақтары өзбек тұқымы, ал Қобянынан тарағандар — Қазақ пен Созақ болып жалғасады. Енді Қобянның екі баласының бірі — Созағынан Қарақалпақ — жалғыз болса, оның Қазағынан төрт бала: Көзел, Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс –бір қауым болады.
Қолжазбаның атауы
Қабылан батырдың «Жалайыр» атануы
Қолжазбаның жанры
Аңыз
Қысқаша мазмұны
Аңызда қазақ елін Тұран хандығы заманында «қызыл қалпақтылар» билейді. Бұл заманда өз еліменен жауласып, қазақтың ру-тайпа және ата қонысындағы жиналыста «Жалайыр» деген атақ алып шыққан Қабылан деген батыры болады. Ашулы Қабылан Жетісу, Іле, Шу, Қаратал, Ақсу-Алакөл жеріне талас Найман тайпасының қастандықпен Тентек, Көксу жайлауына талас, керісі басталады. Ашуланған Қабылан жүгенсіз ағып келе жатқан айғырдың кекілінен ұстап, жығыла тартқанда жалымен қоса қапсыра тартып, арқасынан жалын айырып, құйрығынан бір-ақ шығарып, айғырдың жаясын қып-қызыл қанталатып, құйрығының қылын қолына іліп қалады. Осы оқиғадан кейін Қабылан батырдың «Жалайыр» атанып кетуі аңызға арқау болған.
Қолжазбаның атауы
Жаңабай руы туралы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Мұнда Жаңабай туралы толық мәлімет жоқ. тек қана басқа бір шежіреде Қопсасапақтан Құдайберді, одан Қангелді, одан Шыншара, Шыншарадан Андағұл, одан Жұлдыз, Жұлдыздан Самұрат пен Сартай тараған. Осыларды Жаңабай деп атайды екен. Сонда Айтбозымға қарағанда Елібайға Жаңабайдың еншілес болуы дұрыс сияқты. Бірақ туыс болуы дәлелді емес. Айтбозым Елібақтың екінші баласы Бозайдан туылып, туыс болады, Жаңабай Елібайға қалай туыс болуы жөнінде айтылады.
Қолжазбаның атауы
Жаманақ руының «Шекті деп аталуының мәнісі»
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Жаманақ ауылы үлкен ас дайындап, Әлім әулетінің барлық атауларын шақырады. Асқа қыруар мал сойылады. Асқа сойылған малдың қарын-ішегіне жаманақтың балалары таласып, оның арты төбелеске айналады. Төбелес басылмаған соң, ақсақалдар ара түсіп, оның мән-жайын сұрады. Сонда төбелестің басы ішек пен қарыннан шыққаны анықталды. Осыдан бері Жаманақтың ұлдарын «Ішекке төбелескен ішекті» деп аталып кетіп еді» деп баяндайды шежіреші қариялар.
Қолжазбаның атауы
Байжігіт руы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Шежірелерде “Шал-Байжігіт” деп, шалдарды бұрын, Байжігітті соңынан қосақтап айтады. “Байжігіт-Шалдар” демейді. Соған қарағанда шалдар аға, байжігіт іні. Сондықтан Бәйтен мен Тілесті қосып алып, он екі ата болып жүрген сияқты. Немесе байжігіт он екі ата емес, он ата болуы керек. Мұндай жағдайлар әртүрлі себептермен байланысты болады. Оған дәлел “Қарабатыр-Байжігіт” деп қосақтап айту да бар. Байжігіт руы туралы қысқаша мәлімет беріледі.
Қолжазбаның атауы
Анамыз Ақшолпанның көрегендігі жайында
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Алаштың әйелі Ақшолпан ана перзентті кешігіп көтереді. Ақшолпан сол кешігіп көрген балаларын көтергенде, әртүрлі нәрселерге жерік болады. Тұңғыш баласы – Ақарысты көтергенде, ол құс пен қойдың етіне жерік болады. Осы баласын дүниеге келтіргенде анамыз ауыл-аймағын жиып, тамақ береді де: «Бұл баламды көтерерде құс пен қой етіне жерік болып едім. Мұның тұқымы – майда, ұсақ және қой мінезді жуас болар», – депті. Екінші баласы Жанарысты көтергенде түйенің өркеші мен қомына, жылқының қазысы мен қартасына жерік болады. Бұл баласын туған соң шілдеханаға келген адамдарға: «Осы ұлым бойыма біткенде мен жылқының қазысы мен қартасына, түйенің өркеші мен қомына жерік болдым. Мұның тұқымында қазақтың хандық дәрежесі мен сән-салтанаты қалар, ханның тағы осы баламның ұрпағында тұрар» дейді. Ақшолпан анамыз өзінің үшінші баласын көтерерде, өзінің қосағының ерлігіне, жүректілігіне құмартады. Содан кіші баласы – Бекарысты туған соң жиналған көпшілік қауымға анамыз: «Мен осы ұлымды көтергенімде ерімнің ерлігіне құмартып едім, бұл баламның ұрпағы кілең ірі, сой болып туып, бек қазақтың қорғаны болар» деген тілегін айтқан екен.
Қолжазбаның атауы
Алаша-Байбақты атануы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Сұлтансиық деген байдың бес ұлы болыпты. Олар: Асқар, Масқар, Алаша, Тана, Алқа. Асқар өлген соң оның жұбайы Танаға үйленіп, отау құрады. Асқардан үш ұл қалады. Олар: Байбақты, Жанбақты, Тынбақты. Ал Танадан екі ұл туады. Олар: Қараман, Қалқаман. Байбақты өскен соң, өгей әкесімен тіл табыса алмай, Алашаға барып бірігеді. Ол Алашамен бірігіп, күш қосады. Екі інісімен өз алдына бөлек ру болады. Сондықтан, ел арасында «Алаша-Байбақтымыз» деп айтады.