Алаштың әйелі Ақшолпан ана перзентті кешігіп көтереді. Ақшолпан сол кешігіп көрген балаларын көтергенде, әртүрлі нәрселерге жерік болады. Тұңғыш баласы – Ақарысты көтергенде, ол құс пен қойдың етіне жерік болады. Осы баласын дүниеге келтіргенде анамыз ауыл-аймағын жиып, тамақ береді де: «Бұл баламды көтерерде құс пен қой етіне жерік болып едім. Мұның тұқымы – майда, ұсақ және қой мінезді жуас болар», – депті. Екінші баласы Жанарысты көтергенде түйенің өркеші мен қомына, жылқының қазысы мен қартасына жерік болады. Бұл баласын туған соң шілдеханаға келген адамдарға: «Осы ұлым бойыма біткенде мен жылқының қазысы мен қартасына, түйенің өркеші мен қомына жерік болдым. Мұның тұқымында қазақтың хандық дәрежесі мен сән-салтанаты қалар, ханның тағы осы баламның ұрпағында тұрар» дейді. Ақшолпан анамыз өзінің үшінші баласын көтерерде, өзінің қосағының ерлігіне, жүректілігіне құмартады. Содан кіші баласы – Бекарысты туған соң жиналған көпшілік қауымға анамыз: «Мен осы ұлымды көтергенімде ерімнің ерлігіне құмартып едім, бұл баламның ұрпағы кілең ірі, сой болып туып, бек қазақтың қорғаны болар» деген тілегін айтқан екен.