∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Қарала
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Ертеде Жаңылмас деген кедей жігіт мал бағып жүріп, іннің түбінен түлкінің күшігін тауып алады. Үйіне апарып, иттер тиіспес үшін мысық терісімен қаптап қояды. Түлкі өскеннен кейін Жаңылмастың еңбегңн ақтап, сараң байлардың тамағы мен ұсақ малын ұрлап, күнкөрісіне көмектеседі.
Қолжазбаның атауы
Қазақтың ұзынқұлақ ертегісі
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Өткен заманда Түркістанда бір ұлы хан болған екен. Сол бір заманда еліне жар салып үш жұмбақ айтады, сол үш жұмбақгы баяндап тапқан жанға мың алтын беремін деп жариялайды. Күндердің күнінде бір шал келіп ханның үш ауыз жұмбағының мағынасын ашып береді. Хан оған сенбей «Саған жәрдем берген адамның атын айт, әйтпесе басынды алам», – дейді. Сол кезде шал қысылып, жұмбақты он жасар жалғыз қызы шешіп бергенін айтады. Сонда хан қызды әкел деп, қасына әскер қосып жібереді. Қызды көріп хан оған ғашық болады, үйленгісі келеді. Бірақ та бұл мақсатына жете алмайды, өйткені қыз ықтиярын бергенмен, ханға қойған шартын, айтқан сөздерін хан шеше алмайды.
Қолжазбаның атауы
كىلەم سۇلۋدىڭ، مارجان سۇلۋدىڭ، بۇلبۇل سۇلۋدىڭ سۋرەتشى كەلسىن مىرزاعا ءتيۋى / Кілем сұлудың, Маржан сұлудың, Бұлбұл сұлудың суретші Келсін мырзаға тиюі
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
Бағдат шаһарының патшасы Ғамды Науаз түс көреді. Түс жорушы жориды. Көрген түсі бойынша үлкен қызы Әлен сұлуды жылан шағып өлтіреді. Нау шаһарының Әнуар патшалығына қарасты суретші Келсін мырза суретшілік өнерімен Бағдат шаһарының патшасы Ғамды Науаздың жалғыз қызы Кілем сұлуды алады. Одан соң Алитун шаһарының патшасы Үрілдің жалғыз қызы Бұлбұл сұлуды, Намрут шаһарының патшасы Хасан Әли Карзаңның жалғыз қызы Маржан сұлуды алуы баян етіледі.
Қолжазбаның атауы
Заран сұлу, Әнжелең сұлудың хикаясы
Қолжазбаның жанры
Ертегі
Қысқаша мазмұны
1. Заран сұлудың хикаясы. Ағзам шаһарының патшасы Қабыл Әкім 16 әйел алады, бірақ бір перзентке зар болады. Ақырында Сылқым сұлуды алып, Азат Бақи атты бір ұл көреді. Азат Бақи ержетіп, әкесі өлгеннен кейін таққа отырып, Дауіп шаһарының патшасы Ақжет Набидің қызы Заран сұлуды алады. Бұл ертегіде жалпы 20 сұлу қыздың хикаясы баяндалады. 2. Әнжелең сұлудың хикаясы. Атауран шаһарындағы ұры жігіт Сақауыр жастай жетім қалып, ұрлықпен, сиқыршылықпен айналысады.Осы өнерімен байып, даңқы шығып, Ақрам Заб патшаның жалғыз қызы Әнжелең сұлуды алып, кейін патша тағына отырады.
Қолжазбаның атауы
Жомарт
Қолжазбаның жанры
Новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Ертеде әрі әділ, әрі ақылды бір хан өмір сүріпті. Бір күні хан Қасым және Манап деген екі уәзірін шақырып алып: «Жомарттық байлықтан ба, әлде ниеттен бе?» – деп сұрақ қояды. Қасым мен Манап тұрып: «Тақсыр, жомарттық байлықтан туады», — дейді. Хан: «Жоқ, уәзірлерім, жомарттық ниеттен туады», — дейді. Уәзірлер ханмен келіспейді. Хан өз сөзін дәлелдеу үшін уәзірлеріне үлкен той жасаңдар дейді. Өзі диуана боп киініп алып, той жасап жатқан Қасым мен Манаптың үйіне барады. Екеуі де диуанаға бір тілім күйген нанды зорға береді де, үйіне қонуға ұлықсат етпейді. Содан хан түн ішінде бір қойшы баланың үйіне түседі. Ол астындағы төсегін қонағына салып, қонақасына диуана сұраған жеті қойдың бүйрегін алып береді. Азанда хан Манап пен Қасымды шақырып алып: «Түнде жеті қойым ұрланды, соны табыңдар»,– дейді де, қойшы баланың қойларының жоғын айтады. Уәзірлер көп қарап жүріп, базарда жеті қойдың терісі мен етін сатып тұрған баланы ұстап алып ханға алып келеді. Сол жерде барлық мәселенің беті ашылады. Хан Қасым мен Манапты жазалап, қойшы баланы өзіне бас уәзір етіп алады.
Қолжазбаның атауы
Білгенге тақпақ, білмегенге аппақ сұлу
Қолжазбаның жанры
хикаялық ертегі
Қысқаша мазмұны
Өткен заманда Мысыр шаһарында өзі таз, кедей, өзі жалғыз Көлерме атты бір жігіт болады. Жасы отыздан асып, өмірден қажып бір күні түс көреді, түсінде әкесі аян береді. Әкесінің берген аяны бойынша жол жүріп, жолдан қой басындай алтынға кез келеді. Алтынды жүз мың ділдаға айырбастап Құддыс шаһарына барады. Қаншама қиын-қыстау жолдардан өтіп, Құддыс шаһарының патшасының білгенге тақпақ, білмегенге аппақ атты жалғыз қызына ғашық болып жүріп ақыры соған үйленеді. Күңдердің күнінде Сейт Баттал атты бір ұл көріп, ол өсе келе осы Құддыс шаһарына патша болады. Сөйтіп өзі таз, өзі кедей, өзі жалғыз Көлерме деген жігіт еңбек, айламенен барлық мақсатына жетеді.