∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Топонимдік аңыз» айдарының архиві

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Шәріпбек тауы
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Тың игеру жылдарында Шәріпбек деген совхоздың директоры жұмысқа ебі жоқ адам екен. Шаруаның бәрін орынбасарына тастап өзі анда кеттім, мында кеттім деп ауыл сыртындағы шоқыға барып жатады екен. Ауыл адамдары мұнысын біліп, кейін қызметі ауысқан соң Шәріпбектің ісін әжуалап, шоқыны осылай атап кетіпті.
Қолжазбаның атауы
Шайтанкөл
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Бір байдың Сұлушаш деген қызы болыпты. Байдың Тезек деген құлы мен Шұнақ деген күңінің Алтай атты ұлы болады. Сұлушаш екеуі бір-бірін сүйеді. Бірақ бай қарсы болады. Алтайдың Қайсар деген досы, Сұлушаш үшеуі елден қашады. Олар Қарқаралының маңайындағы Жиренсақал деген жерді мекендейді. Бір күні Алтай шыңырауға құлайды. Сұлушаш арыстаннан қорыққаннан көлге құлап өледі. Қайсар көлдің бетіндегі қыздың көйлегі мен тақиясын көріп, ол да сол көлге құлап өледі. Содан бұл көлді «Шайтанкөл» атапты.
Қолжазбаның атауы
Шажағай
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ұлы жүз, Жетісу бойының Шажы деген өндірдей жас жігіті сүйгеніне қосыла алмай, Арқаға көшіп келіпті. Арқа елі Ұлы жүздің жігітіне мекен жай беріпті. Шажы аз жылда-ақ үй тігіп, қой айдап, Арқаның бір аруымен жарасқан екен. Өзінің де халыққа қадірі артады. Бір күні Шажының атақ-даңқын естіген Ұлы жүздің ер-азаматтары Шажыдан елге қайтуын өтінеді. Шажы көнбепті. Шажы сексеннен асып дүние салғанда Орта жүз, Ұлы жүз болып күңіреніп, осы өзеннің бойына арулап қойған екен. Халықтың қалауымен осы өзенді «Шажы» деп атапты.
Қолжазбаның атауы
Шалдабар
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ертеде ауылға бір орыс келіп қоныстаныпты. Әр түрлі бұйымдарды ауыл адамдары сол орыс шалдан сатып алады екен. Керек құралды сұраушыны сол орыс шалға жіберетін көрінеді. Бұл ауыл «Шалдабар» деп аталыпты.
Қолжазбаның атауы
Шаңырақкемір жайлауы
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Оспан байдың жазғы жайлауы болған. Оспан беделді, ауқатты болған, онымен қоса адал болған, кедейлерге көмегін беріп отырған. Ұжымдастыру кезеңі басталып, ауқатты адамдардың малы тартып алынды. Ашаршылық басталды. Ауылда халық киіз үйлерін құлатып, шаңырақтарын кеміре бастаған. Бұл сұмдық бірнеше күн болады. Содан бұл жер «Шаңырақкемір» деп аталды.
Қолжазбаның атауы
Түлкібас
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Майлыкент деген өңірде Түлкібас деген әулие кісі өмір сүріпті. Өзі әулие болса да, өте қарапайым болыпты. Ел ішінде оған сенбей, күле қарағандар да болған екен. Бір күні Түлкібас Қосемшек деген төбенің етегіндегі өзенге түйесін суғармаққа апарады. Сол кезде оған сенбейтін бір топ адам артынан әжуалап қарап күліпті. Бұған шыдамаған Түлкібас әулие артына қарап, оларға түкіріп қалыпты. Сол мезет олар езіліп кетіп, әрқайсысы бір-бір бастауға айналады. Осыдан бастап ел оған сене бастайды.
Қолжазбаның атауы
Тізебүккен
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Аңызда Жуантөбенің Бетпақдала жақ бөктерінде Тізебүккен деген бұлақтың аталу тарихы туралы айтылады. Жергілікті қарияның айтуы бойынша: Сарыарқаға бет алған керуендер, жолаушылар жазық далада шаршап-шалдығып, маңдай тіреп, тізгін тартар мекенді, тізе бүгер орынды сағынышпен аңсайды. Ұзақ жол жүріп, дамыл алатын жер осы мөлдір бұлақтың басы болады. Сондықтан да бұл бұлақ «Тізебүккен» деп аталады.
Қолжазбаның атауы
Төрткүл төбе
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Баяғыда бұрынғы Қарасора ауылында бір үлкен аждаһа пайда болыпты. Ол елге тыныштық бермепті. Малды малдай, адамды адамдай қырыпты. Ауыл адамдары әбден сасыпты. Осы ауылда бір молда болыпты. Молда әбден бұл аждаһаны сиқырмен дуалап, бірнеше ғасырға сиқырлап қатырып қойған екен. Содан сол молданың құдіретінің арқасында ауыл тыныштық тауып қалыпты. Аждаһаны ауыл сыртындағы Төрткүл деген төбеге қырға көміпті. Сондықтан бұл жер Төрткүл төбе деп аталыпты.