Баяғы өткен заманда Сарыарқа жері тұруға өте қолайсыз жазық дала болыпты. Елінің қамын ойлаған Асан қайғы Тәңірден жерінің тұруға ыңғайлы болуын өтінеді. Тәңір де Сарыарқаның байтақ даласына көз салып, еш тұлдырсыз жаратқанына ыңғайсызданады да, қоржынынан ірі кесектер іздейді. Алайда ірі кесектер жер бетіне үлкен таулар болып жұмсалып кеткен екен, тек ұсақ кесектер ғана қолына ілінеді. Көп ойланған Тәңірі қойнауы берекеге толы боларлықтай етіп, ұсақ қиыршықтарды шаша салады. Сол кезде ұсақ қиыршықтардан Көкшетау, Баян, Қарқаралы, Қызыларай, Ұлытау сияқты таулар пайда болған екен.