«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Новеллалық ертегі» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
ءتورت قىزدىڭ قيكاياسى / Төрт қыздың хикаясы
Қолжазбаның жанры
новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Шын-Машын шаһарының патшасы Маншуардың он бес түрлі оқиғадан түс көруі; бас уәзір Жемтүннен керуенші Алжаршының Маншуар патшаға аттануы, оны тауып құда болуы, жолдан кезіккен апалы-сіңлілі Зұлфия сұлумен Ұрқия сұлу және бұл екі сұлуды уәзірдің әйелінің рұқсатымен тоқалдыққа алуы, Маншуар патшаның Намұрт атты ұл көруі. оның ер жетіп, жігіт болып, Мамурт патшаның қызы Шарбат сұлуды алуы сияқты оқиғалар баяндалады.
Қолжазбаның атауы
ءۇش سۇلۋدىڭ ەرگە تيگەنى / Үш сұлудың ерге тигені
Қолжазбаның жанры
новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Шам шаһарының патшасы Әбілқасымның Айым атты жалғыз қызы болады. Асқар батырдың Ғұсман ұлы жастай жетім қалып, қиындық көріп өседі. Ер жетіп, батыр болып, Айым сұлуды алады. Қырбас атты ұлдарының басынан өткен түрлі оқиғалары баяндалған.
Қолжазбаның атауы
زارۋان سۇلۋدىڭ قيكاياسى / Зәруан сұлудың хикаясы
Қолжазбаның жанры
новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Амауран шаһарының патшасы Арангүштің жалғыз қызы Зәруанның түс көруі, патшаның бал аштырып, түсін жорытуы, Стақыр шаһарының патшасы Қауасаттың Арангүл патшасына Салқайыр батырды елші етіп жіберіп, «патшаның қызы Зәруан сұлуды берсе қолынан, бермесе жолынан алып бер» деп жарлық етуі, екі патшалықтың соғысуы, аралыққа Абат патшалығы араласып, Салқайыр батырдан қырғын көруі, Мазандан шаһарының патшасы Ғанади соғысқа араласып, Қадыс батырдан қырғын табуы баяндалған.
Қолжазбаның атауы
گۇلباقران سۇلۋدىڭ قيكاياسى / Гүлбахран сұлудың хикаясы
Қолжазбаның жанры
новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Кабул шаһарының патшасы Мануар Шайидің Зупын шаһарының патшасы Ғабул шайимен соғыспақшы болып, Азат батырдың Габул Шайи патшамен аң аулауға шығуы, дала жолбарысын тірідей ұстап, патшаға байлауы, патша қызы Гулбахранның Азат батырға ғашық болуы, Азат батырдың Гулбахран сұлуды алуы, екі патшалықтың беріскен қалың мал саны, той-салтанаттары, бәйге-жарысқа тіккен сыйлықтар, екі патшаның Азат батыр арқылы құда болып, татуласқаны баян етіледі.
Қолжазбаның атауы
گۇلبارشىن سۇلۋدىڭ يسلامنۇرعا قاتى / Гүлбаршын сұлудың Исламнұрға хаты
Қолжазбаның жанры
новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Тәбрие қаласының жас патшасы Исламнұр өзіне тең сұлу іздейді. Дамашық шаһарының патшасы Далгейттің қызы Гүлбаршын сұлуға жолығады. Екеуі қосылады. Бір күні Гүлбаршын жүкті болып, ұл табады, атын Асқарбек қояды. Батыр болып өскен Асқарбек Маусыл шаһарының патшасы Қатқылдың палуан қызы Кертұрсынды алып, мұрат-мақсатына жетеді.
Қолжазбаның атауы
عاليان سۇلۋدىڭ قولتاڭباسى / Ғалиан сұлудың қолтаңбасы
Қолжазбаның жанры
новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Сырап шаһарының патшасы Мадраттың қартайған шағында тағын өзінің жалғыз ұлы Қалатқа беріп, оған айтқан бес өсиеті, бас уәзір Қанттың бұл өсиеттерді шешуі, Қалат патшаның бір сұлуды іздеп сапар шегуі, Бұғау шаһарының патшасы Нарсүйездің қызы Ғалиан сұлудың дақпырты, оған Қалат патшаның ғашық болып кездесуі, Ғалиан сұлу мен Қалаттың қосылып, бір ұл көруі туралы баяндалған.
Қолжазбаның атауы
كۇلشات سۇلۋدىڭ قۇپىياسى / Күлшат сұлудың құпиясы
Қолжазбаның жанры
новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Күпе шаһарының патшасы Әл-Ақрамның жалғыз қызы Күлшатқа өз жарын таңдауға рұқсат береді. Күлшат сұлу 16 түрлі сұрақтың жауабын тапқан жігітке тұрмысқа шығатынын айтады. Бұл сұрақтарға жауаптарды ешбір адам дұрыс шеше алмай, көрші патшалықта тұратын кедей Жағыпар дұрыс шешеді де қызды алады. Күлшат сұлу Жолбарыс атты ұл туады. Ол ер жеткенде жеті түрлі түс көріп, оны әкесі жорып береді. Түстің аян беруінше Жолбарыс алысқа сапар шегіп, Марғұн шаһарының патшасы Абу Ғиршының жалғыз қыызы Нұрсәулені алады.
Қолжазбаның атауы
بىلگەنگە تاقپاق، بىلْمەگەنگە اپپاق سۇلۇ / Білгенге тақпақ, білмегенге аппақ сұлу
Қолжазбаның жанры
новеллалық ертегі
Қысқаша мазмұны
Өткен заманда Мысыр шаһарында өзі таз, кедей, өзі жалғыз Көлерме атты жігіт болады. жасы отыздан асып, өмірден қажыған кезінде түс көреді. түсінде өлген әкесі келіп: «Балам, тақияңды, үстіңдегі қара киіміңді тастап, батысқа қарай созылып жатқан даңғыл жолмен сапар шек, жол-жөнекей бір әйел кезігеді, сен сол әйелмен үйленсең, сонан соң бағың ашылады», — дейді. Көлерме әкесінің берген аяны бойынша жол жүріп, жолдан қой басындай алтынға кез болады. Алтынды жүз мың ділдаға айырбастап Құддыс шаһарына барады. Қаншама қиын жолдардан өтіп, Құддыс шаһарының патшасы Ғапіролланың білгенге тақпақ, білмегенге аппақ атты жалғыз қызына ғашық болып жүріп, ақыры соған үйленеді. Күндердің күнінде Сейт Баттал атты бір ұл көріп, ол өсе келе осы Құддыс шаһарына патша болады. Сөйтіп өзі таз, өзі кедей Көлерме жігіт еңбек, айламенен барлық мақсатына жетеді.