«ЭПОС - Көне эпос» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Қисса Дотан Құбақанбайұғлы
Қолжазбаның жанры
Көне эпос
Қысқаша мазмұны
Құбақанбайдың қырық ұлы мен қырық қызы ел іздеп жолға шығады. Бір тоғайға аялдағанда жалмауызға тап болады. Жалмауыздың бұйрығымен кенже бала Дотан Күнікей қызды іздеуге жеті жылдық сапарға аттанады. Жол бойы ерекше қасиетке ие бірнеше серік табады. Күнікейдің еліне келгенде қызды қалмақ ханына беру туралы келісім жасалғанын естиді. Дотан қалмақтармен шайқасып, оларды жеңеді. Алайда Күнікейдің әкесі бұрынғы уәдесінен тайып, қызын бергісі келмейді. Дотан бірнеше сынақтан сүрінбей өтіп, серіктерінің көмегімен қызды алып қашады. Жолда жалмауыз кемпірді өлтіреді. Еліне оралып, ағаларын үйлендіру үшін қайтадан сапарға шығады. Осы кезде өз алдына жеке өмір сүріп жатқан қырық мың үйлі елге қалмақтар шабуыл жасайды. Дотан жауды жеңіп, сол елдің ханы болады. Қарамағындағы халықты өз еліне көшіріп әкеледі.
Қолжазбаның атауы
Дотан батыр
Қолжазбаның жанры
Көне эпос
Қысқаша мазмұны
Құбаханның жалғыз ұлы Тотанға түсінде қайын жұртына аттанатын мезгілдің жеткені, оның жарының есімі Күнікей, әкесі Шынтемір, жолы жеті айшылық екені туралы аян беріледі. Әкесі той жасап, баласын шығарып салады. Тотан жалмауыз кемпірге тап болады, аман қалу үшін Күнікейді әкеліп беруге уәде береді. Жолда ерекше қасиетке ие серіктеріне кездеседі. Қайын жұртында Шынтемірдің шарты бойынша Еділ бойындағы Сахын деген қалмақтың ханын оған бағындырып береді. Серіктерінің көмегімен қызды алып қайтады, жалмауызды өлтіріп, еліне аман-есен оралады. Құбахан үлкен той жасап, баласына хандық билігін тапсырады.
Қолжазбаның атауы
Құламерген батыр
Қолжазбаның жанры
Көне эпос
Қысқаша мазмұны
Иран мен Тұран елінің соңғы шабысында тұрандықтар жеңеді. Бұл қан төгіскен жеңісте ерлікпен көзге түскен Қарабек пен Асылбек батыр болады. Ел басына тыныштық орнағаннан кейін Асылбек досы Қарабектің қарындасы Торғын сұлуға үйленеді. Екеуі Кезлер аралында өмір сүреді. Торғыннан Құламерген деген батыр бала туады. Құламерген 10 жасқа келгенде әкесі Асылбек суға кетеді. Көп ұзамай анасы Торғын да қайтыс болады. Құламерген нағашы атасы Қарабек батырды іздеп жолға шығады. Қарабек алыс сапардан келген жиенін қуанып қарсы алады. «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» дегендей Қарабек үлкен қызы Күлайымды жиені Құламергенге атастырып, жұртын жинап той жасайды. Бір жарым жыл өткен соң Құламерген нағашы атасынан рұқсат алып, туып өскен мекені Кезлер аралына көшіп келеді. Орта жолда кездескен салт аттының жетегіндегі тұлпар атын бір жамбы беріп сатып алады. Аралға келген соң Күлайым жүкті болып, егіз бала туады. ¥лының атын – Жоямерген, қызының атын Шарифа қояды. Кезлер аралының солтүстігіндегі болгар шаһарында тұратын мыстан кемпір сол қаланың Халит аруан деген патшасына елден асқан сұлу әйел тауып беруге уәделеседі. Залым кемпір Құламерген жоқта үйіне келіп, Күлайымды азғырады. Күлайым көнеді. Күлайыммен келісіп, мыстан уәделі уақытында патшаны Күлайымға жолықтырады. Құламергенді құланның тән терісінен тігілген қырық құлаш қайыспен байлап тастайды. Бірақ Құламерген баласы Жоямергеннің көмегімен босанып, патшаның нөкерлерін өлтіреді. Халит аруанды ұстап алып, мұрнын кеседі. Залым кемпір қашып кетеді. Күлайымды төркініне айдап апарады. Қарабек қызын қырық қысырақтың құйрығына байлап өлтіреді. Қарабек кенже қызы Балумаржанды Құламергенге қосып, Жоямергенге тұлпар мінгізеді. Құламерген атасынан тағы да рұқсат алып, аралға қайтады. Жолда келе жатып, Мұқат дариясына тақалғанда, баяғы мыстан кемпірдің баласы Орақ батыр алдарынан қарсы шығады. Ол қашып кеткен мыстанның айтуымен жол тосып жүр екен. Жоямерген жекпе-жекте Орақты өлтіреді. Олар аман-есен аралға келеді. Бір күні Орақтың шешесі мыстан кемпір соғысамын деп Құламергенге жар салады. Құламерген тұлпарына мініп қашады. Кемпір қуады. Жоямерген шешесі Балумаржанның ақылымен мыстанды садақпен атып өлтіреді. Екеуі аман-есен аралға қайтады. Аралға жақын қалғанда Жоямерген әкесінен рұқсат сұрап, аң атып қайтуға жолда қалады. Жоямерген Кезлер аралының арғы бетінен су бетінде қалқыған қуықты көреді. Тамашалап қарап тұрғанда, қуық Жоямергенді су астына тартып әкетіп, жер астындағы бір жолға жеткенде, Жоямергенді босатып қоя береді. Жолда келе жатьіп Бекторы сұлуға кездеседі. Бұл Нәзір патшаның қызы екен. Бекторы Жоямергенге жер астының патшасы Шаһимұран қол астына келгенін, оның саған ғашық Гүлмаруан деген асқан сұлу, сиқырлы қызы бар екенін, ақ ордаға барғанда көп қиындыққа душар болатынын, бірақ өзінің де ғашық екенін, осы жерде қайтқанша тосатынын және көмек көрсететінін айтады. Жоямерген Бекторыға уәдесін береді. Жоямерген жолда бес өнерлі жігітке кездеседі: жер тыңдағыш, шойын аяқ жүйрік, тау соғар, көл ұрттағыш және сиқырлы Шынжыр-Ғашур. Бесеуін де жолдастыққа алып, алтау болып ордаға келеді. Жоямерген ақ ордадағы жыландар арбауынан, қыз сиқырынан мүдірмей өтеді. Патшаның әмірімен қыздырылған жеті қабат темір үйге қамалады. Көл ұрттағыштың дамылсыз су бүркіп салқындатуымен, жалындаған темір үйден де аман құтылып шығады. Шаһимұран қайтсе де қызын бермеудің амалын жасап, Жоямергеннің алдына қиын-қиын шарт қояды. Жұрт жинап, той жасаймын, тойда сегіз түрлі ойын көрсетіледі. Сол ойындардан озып шықсаң, қызымды беремін дейді. Олар: палуан күресі, жамбы ату, айғыр шайнастыру, жаяу жарыс, сиқырлық т. б. Бұл сынақтың бәрінен де Жоямергендер мүдірмей өтіп, патша қызын Жоямергенге қосады. Патшаның бас уәзірінің баласы Салон Жоямергенге жамандың ойлап қарсы шығады. Шаһимұран Салонды күйеу баласына қарсы шыққан айыбы үшін жендеттерге дарға асуға жарлық етеді. Жоямерген Салонның жастығын еске алып, өлімнен құтқарады. Жоямерген патшадан рұқсат алып, Гүлмаруанмен еліне қайтады. Жолда талай рет қиындық көреді. Жәдігөй кемпірді мойнына сиқырлы шынжыр салып өлтіреді. Самұрық құсты жеңеді. Жыныс, орман, батбақ, шөлден де аман-есен өтеді. Бұл кезде жоғалған баласын іздеп, Құламерген ақыл сұрауға Қарабекке келеді. Қарабек айна салып қараса, Жоямергеннің Гүлмаруанмен елге қайтып келе жатқанын көріпқуанысады. Олардың алдынан шығуға Қарабек пен Құламерген Кезлер аралына келеді. Бекторы да Жоямергенді іздеп, Құламергеннің үйіне бұдан бұрын бірнеше рет келіп кеткен екен. Жоямерген Гүлмаруан екеуі аман-есен үйіне келіп, әке-шешесімен көріседі. Бұларға Бекторы да келіп қосылады.