«АВТОРЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-ПОЭЗИЯ» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Сейітбаттал
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Дастанның басты қаһарманы – Сейітбаттал. Ол – әскербасы, дінді уағыздаушы батыр, көп уақыт бойы Ислам дінін басқа халықтарға таратуға күш салады. Сейітбатгал – Ғалидың ұлы Құсайыннан тараған ұрпақ. Солардың ісін, жорығын жалғастырушы.
Қолжазбаның атауы
Қисса Салсал мен Ғалидың соғысы
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Бұл дастанда Мұхаммед пайғамбар заманында дін үшін болып өткен сұрапыл соғыстар, Жамшит патшаның батырларының күресі, оның басқа патшалардан көмек сұрауы, ең соңында Салсалдың балаларымен мұсылман дініне кіруі баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Салсал
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Жәмшид патшаның шаһарына Баба Омар бірде поп, бірде жас бала боп келеді, патшаның сақалын күзеп, айласын асырады. Жәмшид соғыс ашады. Жәмшид Шахабат сиқыршыны көмекке шақыртады. Шахабат үшкіргенде Ғалидің екі көзі соқыр болады, құба жонды су қылады. Ғали Зұлпықармен Шахабатты екі бөледі. Жәмшид патша Кахмасқа қашады. Тоқсан ұлы бар Салсал патшаны көмекке шақырады. Салсалдың ұлы Қарапия мұсылман дініне кіреді. Жекпе-жекте Салсал өз ұлын өлтіреді. Ғали мен Салсал бір-бірін жеңе алмай күн батады. Ертесіне ортадан бір сызық белгі қойып тартысады. Сызықтан шығарса, өз дініне кіргізетін боп келіседі. Жеті күн күреседі, бір-бірін ала алмайды. Салсалдың айтуымен Салсал, Шамама, Ғали, Омар төртеуі алтын шаһарды іздеп шығады. Ғали ғана сарайға жетеді. Сарай ішінде ақсақалды бір шал Ғалиге сәлем береді. Екі жүз елу жыл күтіп отырған шал мұсылман боп өледі. Ғали от шығып тұрған тасқа қылыш шабады, тастан бір дәу шығады.
Қолжазбаның атауы
Сағат
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Бір байдың Сағатбек деген ұлы, Нұржамал деген қызы болыпты. Бірде жьлқыларын аралап жүрген Сағатқа бес ұры кездеседі. Содан бесеуі “қонақпыз” деп, Сағаттың әкесінің үйіне түседі. Нұржамал шалдың қолындағы алтын кездікті танып, ағасының бір бәлеге ұшырағанын біледі. Елге хабар беріп, халық жиналып келеді де, бесеуін байлап тастайды. Жастар шындықты айтып, Сағатты өлтірген жерді көрсетеді. Сағаттың денесі ол жерде жоқ болып шығады. Шала бауыздалған Сағат есін жиып, шошығанынан беті ауған жаққа жүре береді. Жолда бір керуенге кездесіп, керуенбасы оны кісі өлтіріп жүрген қашқын шығар деген күдікпен ас пісіретін малай етеді. Керуен бір шаһарға келіп, ол қаланың патшасы бәрін қонақ етеді. Бала басынан өткенін айтады. Патша оның сөзіне сенеді де, ұлына серік қылады. Сөзге шешен, палуан Сағат бүкіл елді таңырқатады. Уәзірлер одан құтылудың амальш іздейді. Ел шауып, керуен тонаған Сыбай деген залым деп жала жауып, зынданға салады. Зынданда жатқан Сағат түсінде ата- анасы мен қарындасын көреді. Жолдастары түсін жақсылыққа жорып, еліннен іздеушілер шықса керек дейді. Сағатгы іздеп шыққан елінің адамдары оны тауып, аман-есен еліне қайтады.
Қолжазбаның атауы
Расулдың ұлы атасы Ғабдумүтәліптің опат болғаны
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Бұл дастан Расулының ұлы атасы Ғабдумүтәліптің қартайып, өлер алдында балалары: Лаһап, Қамза, Ғаббас, Әбутәліпті шақыртьш, олармен қоштасуы, кіші баласы Мұхаммедтің тәрбиесін Әбутәліпке тапсыруы. Әбутәліптің Мұхаммедті жақсы тәрбиелеуі, өсіруі, оның парасатты, дана жігіт болып өсуі баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Прансуз қиссасы
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Пайғамбарымыз Мұхаммед заманында Пранцузда инабатты хан болады. Оның бір баласы болады. Ол он алтыға келгенде бір патшаның қызын алып береді. Бір күні қыз күйеуінің өліп жатқанын көреді. Ашуға мінген хан үш күнде қанішерді табуды бұйырады.
Қолжазбаның атауы
Папорша
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Ертеде бір Папор деген патша өтіпті. Лақап аты – Папорша екен. Өте ақылды, дана уәзірі болыпты. Бір күні уәзір патшаға келеді. Патша тез тұрып, уәзірге қарай жүреді. Уәзір не болғанын сұрайды. Патша: «Түсімде керемет бір сұлу қызды көрдім. Соған ғашықпын», – дейді. Ол қызды табу үшін уәзір үлкен қылып суретін салдырып, қақпаның жанына іліп қояды. «Кім біледі қыздың жайын?», – деп сұрау салады. Бір күні келе жатқан жолаушы қызды таниды. Ол: «Бұл қыз – Рұм патшасының қызы», – дейді. Патша Рүм патшасына жүрмек болады. Уәзірін ертіп, қыздың сарайына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Пақыл патша мен Сақи қатын
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Ертеде бір пақыл (сараң) патша болыпты. Ол кімде-кім ғаріптерге бір тілім нан мен су беретін болса, сол адамның екі қолын кесіп, сахараға апарып тастайтыны туралы әмір етеді. Халық көшеде жүрген ғаріптерге нан беруге қорқып, қайғыра бастайды. Бір күні бір әйел ғаріптердің көрген халіне шыдай алмай екі нан береді. Мұны білген патша әйелдің екі қолын кесіп, емшектегі баласын мойнына байлап, аралға апарып тастайды. Жылаған баласын емізе алмай, қайғыға батып отырған әйел көлді көреді. Еңкейіп су ішпекші болғанда, мойнындағы баласы түсіп кетіп, суға батып кетеді. Әйел баласын құтқара алмай, зарлап тұрғанда екі кісі жетіп келіп, баланы құтқарады. Әйелдің қолын көріп бастан кешкен оқиғасын сүрайды. Әйел бәрін айтып береді. Сол кезде екі кісінің біреуі кетіп қалып, екі қолды алып келеді. Сөйтіп әйелдің қолын қалпына келтіреді. Әйел ол кісілердің өзінен нан алған ғаріптер екенін біледі. Баласын қолына алып, мекен- жайына жетіп, бақытты болады.