«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР» айдарының архиві
Қолжазбаның атауы
Хиуа ханы мен Сырым
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Хиуаның ханы Сырым батырдың келе жатқанын естіп, алдап қолға түсіруді ойлайды. Ең болмаса, елге күлкі ғып, абыройын түсіріп жібергісі келеді де, оған қазақта айтылатын кейбір сөздердің мағынасын түсіндіріп бер деп сұрақ қояды. Алайда Сырым бұл сұрақтардан сүрінбей, ханның өзін отырғызып кетеді. Бұған көне алмаған хан жансыз жіберіп, Сырымның үзеңгісіне у жағып өлтіртеді.
Қолжазбаның атауы
Хиуа ханы мен Сырымның қағысуы
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Сырым Нұралыны шапқанда, ханға патшадан көмекке көптеген солдат келеді. Сырымды әскерлер жеңіп, Сырымның бірнеше жолдастарын тұтқынға алады. Сөйтіп, Сырым бастаған көтеріліс басылады. Қалған жолдастарымен Сырым бұл жақтан кетіп Түрікпен, Бесқала, Хорезм қалаларына барып, көмек сұрайды. Бірақ ол жерде де төрелер болғандықтан оларда да қайыр болмайды. Бір күні Хиуа ханы Сырымды мұқалтпақ болып, сұрақ қояды. Сырым бұл сұраққа аса ұтымды жауап тауып, ханды жеңіп кетеді.
Қолжазбаның атауы
Үбі батыр туралы
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Халба дейтін адам алдымен Исатай, Махамбет көтерілісшілері жағында болып, кейін ханға сатылып, Махамбетті өлтірушілердің бірі болыпты. Бір жолы Үбі батыр жанындағы жолдасымен бір қонақта отырған Халбаны танып қалып, артынан қуып барып өлтіріп, қанын ішкені жайлы сөз болады.
Қолжазбаның атауы
Тіленші туралы
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Қалмақ ханының қаз дауысты Қазыбекке сыйға берген қызын өзінің ұлы Бекболатқа қосқан екен. Қалмақ келіннен бір ұл, бір қыз туады. Бәйбішеден тоғыз ұлы бар Бекболат би жаңағы ұл перзентінің атын – Тіленші деп қойғызған. Бірде Абылай хан көп нөкерімен Бекболат бидікіне келеді. Себебі, Қазыбек дүниеден өткен соң Шаншар абыз әулеті Қазыбек тұқымымен хан арасында қырғи-қабақтық күшейеді. Абылай қарашасы Ботақанды бейкүнә өлтіріп, Жанайды тұтқындатқанда намыстанып, қанына қызған Бесмейрамнан үш мың арғын қарсы көтерілген. Хан дәті шыдамай өлгеніне құн, айып-ажын төлеп, тұтқындатқанын босатып, әрең құтылыпты. Онан кейін Бекболаттың көп ұлының біреуі Абылайдың бір үйір тұлпар текті қысырағын ұрлап әкетіп, Бекболат би бұл қиян-кескі дауда ұрыны шешендікпен қорғап, ханға тоғыз айып төлеп табысқан. Абылай ханның Бекболат биге бүгінгі келуінің түп тамыры – енді жауласпау, елдесу қамы еді. Бекболаттан туған он ұлдың бірін орнына би сайлағалы келгенін айтады. Бекболат би Тіленшіден үміт күтетінін айтуға бәйбішесінен тайсақтайды. Бірақ бәйбішесі де Тіленшіні қолдайды. Тапқырлығы мен шешендігін сынап, Тіленшіні әкесінің орнына би сайлайды.
Қолжазбаның атауы
Тіленші жайында бірер сөз
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Бекболат би ұзақ жасайды, әбден қартаяды. Арғынның игі жақсылары жиналып, Бекеңе сәлем беруге келеді. Сонымен қатар ойларын айтады, орныңа қай баласын лайықтайтынын өз аузынан естігілері келетінін білдіреді. Бекеңнің бәйбішесінен екі ұл баласы, тоқалынан бір ұл, бір қызы бар еді. Кенет үйдің түрулі тұрған шымылдығының артынан бір жас қыз шыға келеді. «Бекем айтпайын демесе, шешемнен қаймықпаса, Тіленшіжанды айтпайтын несі бар? Тіленшіжанның ел билемейтін несі бар?» дейді де көзден таса болып кетеді. Содан Бекең басын көтеріп, қалың қабағын ашты да: «Сол шіркіннен үмітім бар» дейді. Бұл шешімін қасындағы бәйбішесі де қолдайды. «Бірақ байдың әруағы ақ бура, Тіленшіжанның әруағы ақ тайлақ еді» дейді. «Осы ер жетіп, дәрежесі көтерілсе, елді бір түзеп, бір бұзып, мазасын кетіреді-ау деп ойлаймын дейді қарт ана. Тоқалдан туған Тіленші пысық, аса зейінді болатын. Ата-ана балаға сыншы болатын, қарттар қателескен жоқ. Олар бір ауыздан Тіленшіні би көтеруге ұйғарады. Тіленші қарапайым болды, сол ел адамдарымен Нұра бойындағы мал суатына келді. Малшылар суаттан кейінірек төбешікте киімдерін киіп алып, ойын соғып жүр. Тіленші сол асыр салып жүргендердің ішінде. Содан ақсақалдар көріп қалып, Тіленшіні шақырады. «Әкең болса қартайды, көзі тірісінде сен би көтермекпіз» дейді. «Ал, сен болсаң, қойшы-қолаңшылармен алысып-жұлысып жүрсің, мұның ұят емес пе?» дейді. Сонда Тіленші былай деп жауап береді: «Әкемді хан деп барлығы қадірлейді. Ал кедейлер мен малшы-жалшылар биге кіре алмайды. Мен осы қарапайым халық мені танып білсе деймін. Кейін бір істері түсіп жатса «мынау біздің Тіленші ғой» деп қымсынбайтын» дейді. Жиналған жұрт түгел риза болып, Тіленші би қылып көтереді.
Қолжазбаның атауы
Түлкібай батыр жайындағы аңыз-әңгіме
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Кезінде Қоқан хандығы бұл өңірде (Қызылорда обл.) орам құрады. Жергілікті қазақтардан түрлі салықтар жинап, әбден қинайды. Салық Түлкібай батырдың үйіне келгенде, салықшыларды қайтарып жіберіп, өзі таңсәрісімен бекініске барып, ондағы басшыларының бәрін қырады. Кейіннен Қызылордадағы Қоқан билеушілері Түлкібайды ұстап, басын алады. Бұған кектенген қазақ жігіттері сол аумақтағы Қоқан жендеттерін қырып-жояды.