∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Тұяқ туралы әңгіме
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Ертеректе Атығай-Қарауылда бір үлкен той болып, ат шаптырып, палуан күрестіреді. Екі елдің барлық жұрты жиналып, «мен» деген балуандары күреске түсіп, жүйрік аттары жарысқа қосылып, үлкен той болады. Осы жиналысқа келген Тұяқ дейтін адам өте балуан екен, Атығайдың атақты бас балуанын жығып кетеді. Тойда түйе бастатқан бас бәйгені Тұяқ алғанымен, арты үлкен таласқа ұласып, ұрыс-жанжалға айналып, бірнеше адамдар жараланады. Осыдан кейін екі елдің талас мәселесі дұрыс шешілмей, екі жақтың жиналған адамдары тарап кетіседі. Бұл дау-жанжалдан басы бәлеге қалған соң елден безіп, бас сауғалап, қайда барарын білмей аңтарған Тұяққа ауыл ақсақалдары «Баянауылдағы Шоңға бар, Орта жүздің әділеттісі сол» деп ақыл-кеңестерін айтады. Сонымен Тұяқ Шоңға барып, соған бала болып, елге сіңіп кетеді. Тұяқтан Қарашолақ деген бала туады. Қарашолақтан Дүйсенбай деген ұл болады. Дүйсенбайдан Оспан, Ахметжан деген балалар өрбиді.
Қолжазбаның атауы
Тұрысбек келгенде
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
1918 жылы ақпан айында «Ақмола уезінде кедейлер өкіметі құрылды» деген хабар шығып, Қарағандының қарапайым жұмысшыларының арасында қызу әңгімелер өрбігені қысқаша баяндалады. Жаңа құрылған үкімет уәкілдерін Қарағандыға 1918 жылдың сәуір айында Тұрысбек Мыңбаев бастап келеді. Айтушы Тұрысбек келген жиында Ілияс ақынның өлеңдете кіріп, амандасқан сәтін жатқа баяндайды.
Қолжазбаның атауы
Төремұрат Аяпұлының әңгімесі
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Төремұрат деген кісі Талдытруба деген жерге барып, бір үйге түссе, бір топ ауыл ақсақалдары мен жігіттері сөз жарыстырып отырыпты. Төремұратты ешқайсысы елемепті. Сол үйде Алаша Найман руынан бір ақсақал әңгіме айтып отыр екен. Әңгімесінде Сыр бойының жігіттері ірі болатындығы, алты жастағы атанға мінгенде аяқтары жерге салбырап жүретіндігі жайлы баяндайды. Барлығы қайран қалып, тыңдайды. Сонда Төремұрат өзінің әңгімесін айтыпты. Сыр бойына көкпар тартуға барғанда жаңбыр жауып, бір апанға кіріп ұйықтағанын, сөйтсе ол апан дегені етік болып шыққанын айтқанда, әлгі ақсақал осындай ірі адамның етіктің қонышына симайтынын айтып, сенбепті. Сонда Төремұрат «қанша ірі болсам да алты жасар атаннан аяғым жерге тимейді» деп әлгі кісіні сөзден тоқтатыпты.
Қолжазбаның атауы
Төребай бейітіне байланысты әңгімелер
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Есеналы байдың баласы Төребай жайлы әңгіменің екі нұсқасы берілген. Екі нұсқаның да мазмұны бірдей. Тек біріншісінде қысқаша жазылған. Есеналы байдың баласы Төребай орысша оқыған, патша үкіметінің оң қолы болған екен. Төребай орыс әскері үшін үйір-үйір жылқы жіберіп отырыпты. Қиын кезде еш ойланбастан патша үкіметіне 300 арғымақты айдатып жібергені үшін әкесі баласының үстінен мың жылқы айдатып өлтіреді. Сол кезде патшаның адамдары Төребайға шен беруге келген екен. Сүйегін жинап, мола орнатуға көмек береді.
Қолжазбаның атауы
Төлебай сал туралы әңгімелер
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Төлебай сал өзінің зорлықшыл әкім ағайындарының қысымына шыдай алмай, Тоқа Шоңның қасына көшіп барыпты. Өзі бұқарашыл, өнерді бағалай білетін Шоң оған жақсы қоныс жер беріп, дос-жар болып кеткен екен. Шоң Бекен деген кісінің қызын айттырып қайту үшін Төлебай сал мен Бек шешенді әйелі Айымкүлге басшы етіп жібереді. Бекеннің қомсынып сөйлеген сөзіне Бек шешен мен Төлебай орынды жауап беріп, аузын аштырмаған екен.
Қолжазбаның атауы
Төлебай мен шаншарлар
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әңгімеде Төлебаймен қаракесек пен шаншарлардың арасындағы сөз қағысулары айтылады. Төлебай шаншарларды аралап келе жатып, бір үйге қонақ болады. Сонда бір жігіті шай үстінде Төлебайды қағытам деп, өзі оңбай сөзден буылады. Шаншарлардың сөзден жеңіліп қалғаны туралы хабар Алшынбайға жетіп, Төлебайды жазаламақшы болып, кісі аттандырады. Мұны білген Төлебай жағы да қамданып, бұл жолы да Алшынбай мен шаншарлардың алдын орап кетеді. Келген жігіттердің бәрін ұстап, ат-тонын сыпырып алып, жаяу қайтарғандары сөз болады.
Қолжазбаның атауы
Төлебай мен қажы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Төлебай деген адам аңға шығып, бір түлкіні індетіп, алғалы жатса, Ералы атты қажы «қанжығама байлансын» деп іннің аузына отырып алыпты. Төлебай түлкіні ұстап, құлағы мен құйрығын кесіп қоя беріпті. Бұл ісіне Ералы таң қалып, ашуланып кетіп қалыпты. Ал Төлебай сал, түлкінің ізімен келіп, қансырап өлген жерінен тауып алып, қанжығасына байлап қайтыпты.
Қолжазбаның атауы
Темір сандық
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Қыпшақ тайпасының Көлденең руынан тарған Жармағамбет қажының баласы Сахи да әкесінің жолын қуып, Түркістанға барып қайтуды әдет қылған екен. Бір күні Түркістаннан келе жатса, алдынан Қойшыбай кездесіп, сәлем берсе қолын бермейді. Қойшыбайдың мас екенін айтып, өлгенде жылан шағатынын айтады. Қойшыбай Мәсәлім молдаға барып, Сахидың айтқан сөзін жеткізеді. Мәсәлім: «Құдайға құлшылық жасап, мешітке барсаң, Құдай күнәңді кешірер»,− дейді. Бір күні қарттар жиналып отырғанда Қойшыбай жыланнан аман қалудың әдісін тапқанын, өлгенде өзін темір сандыққа салып, аузын мықтап құлыптап көмулерін өтініп, Сахиды мазақ етіпті.