∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

«АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ» айдарының архиві

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Үйдің ауасы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Болаттың үйіне бірнеше салт аттылар келіп тоқтайды. Арасындағы біреуі Болатты менсінбеген сыңай танытып, мұқатпақ болады. Алайда, сөз тапқыш Болат еш қымсынбастан қарымта жауап қайтарып, төресымақты жерге қаратады. Сөзден жеңілген жолаушы айтарға сөз таба алмай, өз жөніне кете береді.
Қолжазбаның атауы
Ұсақ бауырсақ
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Қаратау елінде Есалы деген кісі бала-шағамен де, келін-кепшінмен де қалжыңдаса беретін ақкөңіл, аңқау кісі болыпты. Сол Есалы жазда Түркістандағы бір құрдасының үйіне қонақ болады. Досы келген соң үй иесі мал сояды. Көп кешікпей дастархан жайылып, шай келеді. Жол жүріп, еш жерге түстенбеген Есалы алдындағы ұсақ бауырсақты үштен-төрттен жей бастайды. Қонақтың бұл қылығына үйдің бойжеткен қызы күліп: «Сіздің елде қойды қораға қамарда нешеуден айдайды?» – деп кекетіп сұрайды. Қыздың қалжыңын түсінген Есалы дереу: «Қой тоқ болса біртіндеп айдайды, аш болса топтап айдайды», – деген екен.
Қолжазбаның атауы
Ұрылардың тапқырлығы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Адайда атақты Тәш деген ұры болады. Ол жақын жатқан ауылдарды емес, алыс ауылдарға қол салады екен. Бірде үзеңгілес үш-төрт жігітпен Жайық бойына мал ұрлауға барып, үйір жылқыны алдына салып айдап келе жатады. 2-3 күннен кейін арттарынан қуғыншылар да жетіп қалады. Сол сәтте Тәш өзінің асқан тапқырлығымен шешек жұқтырған аурудың кейпіне түсіп, қуғыншыларды шошытып, елге олжалы оралады.
Қолжазбаның атауы
Уәйіс ақын мен Серікбай қажы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Алпысты алқымдаған атақты Серікбай қажыны үйлі-баранды болған, жиырма бестердегі жалынды Уәйіс ақын іздеп барып, сәлемдесіп қайту ойымен Құрайлының Аякөзге құяр сағасындағы тоғайлы, паналы, шүйгін күзектегі там үйінде отырған Серікбай қажының ауылына іздеп барады. Аман-сәлемнен кейін Уәйісті таныған Серікбай қажы сөзбен сынайды. Сол кезде Уәйістің суырып-салма алғырлығына тәнті болған екен. Сөйтіп, өлең сөздің киесі жеңген, тамаша кездесу болады.
Қолжазбаның атауы
Тінейдің сары құсы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Тіней құсбегінің қыран сары бүркіті болған екен. Бірақ көрінген адамға бағынбайды екен. Егер қағушы көп болып, түлкілі жер болса күніне 40-50 түлкі алады екен. Осы даңқын естіп құсты сұрағандар көп болыпты. Бірақ Тіней ешкімге де бермейді. Бір күні сол елдің аға сұлтаны құсты тартып әкетіпті. Құсбегі қатты налып, бірнеше күн тұрмай жатып қалады. Бірнеше күн өткен соң аға сұлтан Тінейді шақыртады. Босағада мұңайып отырған Сарықұс Тінейдің даусын естіп елеңдеп, қанатын қағып сілкініп, қуанғанын білдіреді. Сәлем беріп кірген Тіней төрге барып отырғанда бүркіт иесіне ұшып келіп, білегіне отыра қалады. Сонда аға сұлтан «Әр нәрсе иесімен екен-ау» деп көзіне жас алады. Аға сұлтан Сарықұсты аңға салса түспей қойыпты. Аға сұлтан Тінейге отыз түлкі алдырып берсе, құсын өзіне қайтаратынын айтады. Келесі күні сексен түлкі алған Сарықұсын алып Тіней еліне қайтады. Күндердің күнінде Сарықұс айдаһар алады. Бұл дақпырт елге жайылып, қалмақ ханы құсты қолына түсірмек болып келеді де, Тінейді өлтіріп кетеді. Сарықұс өліп жатқан Тінейдің жүрегін жеп кетіпті. Содан елге «Тінейдің сарықұсы өзін алыпты» деген дақпырт жайылып кетеді.
Қолжазбаның атауы
Тышқанбайұлы Тасым қарттың айтуы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Шананбайұлы Рахмет деген атақты ұры Есіл бойындағы Тоқтауыл елінің бір үйір жылқысын айдап кетіп, қылмысын мойындамай, жалтарғысы келеді. Орақ Бәсеңнің баласы Маты жоқшылар жағында тұрып, Шананбайұлы Рахметті сөзден жеңіп, жоғалған жылқыларды қайтарып бергені айтылады.
Қолжазбаның атауы
Түсінбесең – сен де сәби
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Жаз күндерінің бірінде Сыр бойынан қырдағы елге жолаушылап келе жатқан Алтын Сейітжан ақын, сусындау үшін бір ауылға бұрылса, өзінің қайын жұртының рулас елдері екен. Аялдаған үйінде Тұрмағамбет ақын отырса керек және екі ақын бұрыннан таныс болса керек. Тұрмағамбет Алтыннан: «Жер деген не, көк деген не?» деп төтесінен сауал тастайды. Сонда Алтын кідірместен: «Жер деген − сахи, көк деген − сари, түсінбесең сенде − сәби», − деп сусын ішіп, аттанып кетеді. Балдыздары Тұрекеңнен сөздің мәнісін сұрағанда «жердей жомарт, аспандай мөлдір бол» депті.
Қолжазбаның атауы
Түйебай
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Ауылдың жұмыстан қолы босаған қылжақпас, қу жігіттері Түйебай деген кісіні тамаққа шақырып, ол келгенше басты мүжіп, қу басты алдына қойып: «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты деген, кінә өзіңізден, кешігіп келген» деп әр саққа жүгіртіпті. Сонда Түйебай құрдастарын шақырып, бір мал сойып, өзінің атын өзгертіп берулерін өтініпті. Тамағын жеген қулар Түйебайға: «Енді сіздің атыңыз «Ботабай» болсын» депті. Бұған Түйебай қатты риза болып, үйіне келіп әйеліне айтса, әйелі: «Ашықауыз аңқау, биыл Бота болсаң, келесі жылы тайлақ, онан соң қайтып түйе боларыңды білмедің бе?», − деп сөгіпті. Мұны естіген Түйебай: «Енді мені бұрыннан бетер әжуалап, күлетін болды ғой», − деп, сол ауылдан көшуге бекінгені туралы әңгіме болады.