Ауылдың жұмыстан қолы босаған қылжақпас, қу жігіттері Түйебай деген кісіні тамаққа шақырып, ол келгенше басты мүжіп, қу басты алдына қойып: «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты деген, кінә өзіңізден, кешігіп келген» деп әр саққа жүгіртіпті. Сонда Түйебай құрдастарын шақырып, бір мал сойып, өзінің атын өзгертіп берулерін өтініпті. Тамағын жеген қулар Түйебайға: «Енді сіздің атыңыз «Ботабай» болсын» депті. Бұған Түйебай қатты риза болып, үйіне келіп әйеліне айтса, әйелі: «Ашықауыз аңқау, биыл Бота болсаң, келесі жылы тайлақ, онан соң қайтып түйе боларыңды білмедің бе?», − деп сөгіпті. Мұны естіген Түйебай: «Енді мені бұрыннан бетер әжуалап, күлетін болды ғой», − деп, сол ауылдан көшуге бекінгені туралы әңгіме болады.