Тіней құсбегінің қыран сары бүркіті болған екен. Бірақ көрінген адамға бағынбайды екен. Егер қағушы көп болып, түлкілі жер болса күніне 40-50 түлкі алады екен. Осы даңқын естіп құсты сұрағандар көп болыпты. Бірақ Тіней ешкімге де бермейді. Бір күні сол елдің аға сұлтаны құсты тартып әкетіпті. Құсбегі қатты налып, бірнеше күн тұрмай жатып қалады. Бірнеше күн өткен соң аға сұлтан Тінейді шақыртады. Босағада мұңайып отырған Сарықұс Тінейдің даусын естіп елеңдеп, қанатын қағып сілкініп, қуанғанын білдіреді. Сәлем беріп кірген Тіней төрге барып отырғанда бүркіт иесіне ұшып келіп, білегіне отыра қалады. Сонда аға сұлтан «Әр нәрсе иесімен екен-ау» деп көзіне жас алады. Аға сұлтан Сарықұсты аңға салса түспей қойыпты. Аға сұлтан Тінейге отыз түлкі алдырып берсе, құсын өзіне қайтаратынын айтады. Келесі күні сексен түлкі алған Сарықұсын алып Тіней еліне қайтады. Күндердің күнінде Сарықұс айдаһар алады. Бұл дақпырт елге жайылып, қалмақ ханы құсты қолына түсірмек болып келеді де, Тінейді өлтіріп кетеді. Сарықұс өліп жатқан Тінейдің жүрегін жеп кетіпті. Содан елге «Тінейдің сарықұсы өзін алыпты» деген дақпырт жайылып кетеді.