∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞
Қолжазбаның атауы
Шыңғыс нәсілі
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Түрік-Татар хан өлген соң әйелі нұрдан жүкті болып, ұл туады. Бір мағұлматтарда туғанда «Шыңғыс», «Шыңғыс» деп туды дейді. Шыңғыс туғанда екі алақаны, екі табаны қан болды дейді. Мұны балгерлерге көрсеткенде «екі аяғымен дүниені аралап, екі қолымен көп қан төгеді» деп жорыған екен. Шыңғыс ержетіп, екі ағасын бірлікке келтіріп, көп елді жаулайды және екі ағасын да өлтіреді екен
Қолжазбаның атауы
Шыманның кек алуы
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Исатай Жәңгірді қоршап, шапқалы жатқанда, Жәңгір қорыққанынан Шыман төреге қағаз жазып, көмек сұрайды. Шыман Исатайды алдаушылықпенен тоқтатады. Мақсат болатын болды деп әскері тарап кетеді де Исатай, Махамбеттің үлкен күйзеліске ұшырағандары жайлы баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Шұбыртпалы Ағыбай мен қарт Қожақ баласы Әлібек батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Кенесары шұбыртпалы Ағыбайдың қасына қырық жігіт қосып, жауласқан елінен жылқы барымталауға аттандырады. Ағыбай жолда жігіттерімен өзен жағасында түстеніп отырса, бір жақсы ат мінген жігітті көреді. Атын алғысы келген Ағыбай әлгі жігіттің жанына келіп, сойылмен салып өтсе, жігіт шыбын шаққан құрлы көрмейді. Таңқалған Ағыбай екінші рет тағы салып өтсе де түк болмайды. Ол жігіт Ағыбайды ертіп келе жатып, бір киікті ұстап, мүшелеп пісіреді. Екіге бөлгенде, Ағыбай өз бөлігін жеп тауыса алмайды, ал жігіт барлығын жейді. Сөйтсе, бұл қарт Қожақ баласы Әлібек батыр екен. Жолда бір шұқырда тігулі тұрған алты үйді, үйдің жанында қой жайып жүрген әйелді көреді. Әлібек батыр жағдайын айтып, алты үйге беттейді. Ағыбай артынан әйел шақырғанда барса, ортада бір адамның өлгелі жатқанын, әйелдің жылап тұрғанын көреді. Екі қолы, аузы қанға малынған Әлібек мән-жайды түсіндіреді. Әлібек батыр екі қара күрең атты Ағыбайға сыйлап, екеуі ақыреттік дос болады.
Қолжазбаның атауы
Шернияз ақын
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Табын Шоңқара деген бай адам қасындағы көрші елдердің малдарын ұрлатып алып, сойып жейді екен. Иесі келсе, еш сөйлеспей қайыратын көрінеді. «Сөйлессем, сөзден ұтылып, теңдік берермін» деп сақтанады екен. Бір күні кете халқының бір өгізін ұрлатып, сойып алған екен. Артынан қуған кісілер келсе, басқалары «біз білмейміз» дейді де, Шоңқараға келсе, тарс үндемей, теріс қарап жатып алып сөйлеспеген, қуғыншылар еш нәрсе істей алмай қайтқан. Кете Шернияз ақын он төрт жастағы бала екен. «Маған киім мен ат тауып беріңізші, мен барып көрейін», − дейді. Елі баланы киіндіріп, шығарып салады. Шернияз Шоңқараның үйіне келсе, баяғы әдетіне басып жатыр екен. Сонда Шернияздың тауып айтқан сөзіне Шоңқара басын көтеріп жауап беріп, қонақ қылып, малын өндіріп беріп, баланың аты елге жайылыпты.
Қолжазбаның атауы
Шаябай
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Жырдың басты кейіпкері – қалмақтың атақты батыры Шаябай. Ол жалғыз атты кедей болғанымен, ерлігінің арқасында есімі жалпақ қалмақ еліне танылған. Бірақ Шаябай бейбіт жатқан, жазықсыз қазақтардың елін, жерін жаулап жүрген хандары Қоңтәжінің қанқұйлы әрекеттеріне іштей наразы. Көрші елмен тату болып, тыныш өмір сүруді аңсап жүрген батырдың билеушісімен түбегейлі ат құйрығын кесісуіне жекпе-жекте өзінен жеңіліс тапқан қазақ батырының көз жұмар алдындағы ащы да болса, шынайы сөздері түрткі болады. Сөйтіп, Шаябай қалмақ елінен кетіп, соңындағы серіктерімен бірге осы Үшқоңырға ат басын тірейді. Отбасын құрып, малды, жанды болады. Олардың мамыражай өмірін Тоқбай атты қазақ батыры бұзып, шаппаққа ниеттенеді. Ақыры екеуі татуласып, бірігіп Қоңтәжінің ордасын тас-талқан етеді. Шаябай Тоқбайға қарындасын ұзатып, қазақ-қалмақ ынтымақ-бірлікте өмір кешеді. Қартайып, өз ажалымен дүние салған батырды құрмет тұтқан қазақтар оның сүйегін Үшқоңырдың басына қойып, қабірдің іргесіндегі қос биікті Шаябайдың есімімен атап кеткен.
Қолжазбаның атауы
Шақшақ Жәнібек батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Шақшақ Жәнібек батырдың алғаш ел аузына іліккен батырлығы сөз болады. Шақшақ Жәнібектің өзі теңдес адамға құда болып, алар келініне алты ұлын таңдатқанда келіні көк бөрідей батыр бес ұлын таңдамай, қой артында жүрген Көшейді таңдайды. Оның мәнісін түсіндіреді. Аңызда тағы Шақшақ Жәнібектің сапар шегіп, үш жүздің дуалы қарттарынан бата алып, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қолға алғаш қосылғандағы ерлігі баяндалады және қалмақтармен болған бір соғыста Жәнібектің темекісінің түтігін сұраған батырдың ерлігі жайында сөз болады. Басында назар аудармаған батырдың соғыс барысында түтік сұраған баланың ерлігіне сүйсініп, қасына шақырып алып, темекісінен береді. Бұл бала Тарақты Байғозы екен, атағы осы кезден бастап елге мәлім болады.