«ЭПОС - Хикаялық дастан» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Кедейхан
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан.
Қысқаша мазмұны
Араб елін отыз жыл билеген Мақсұт ханды бір кедей айламен тақтан тайдырып, орнына өзі патша болады. Мақсұт әйелі мен екі баласын алып қашады, бірақ жолда әйелінен және балаларынан айырылып қалады. Алтын баулы құс оны Мысырға апарып, патша етеді, ал балықшы мен аңшы балаларын аман алып қалады. Тоғыз жылдан кейін Мақсұт әйелімен, балаларымен қайта табысып, Кедейханнан кегін алады.
Қолжазбаның атауы
Ұры Зейіт.
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан.
Қысқаша мазмұны
Әкесі баласын ұрлыққа үйретіп, екеуі патшаның қазынасына түседі. Әкесі орға түсіп, шыға алмай қалған соң, баласы оның рұқсатымен басын кесіп, өзін танытпауға тырысады. Кейін бала айламен өзін сөз еткен патшаны әйелімен бірге сандыққа салып алып келеді. Оқиға соңында оның күнәлары кешіріледі.
Қолжазбаның атауы
Зейіт қарақшының қиссасы
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан.
Қысқаша мазмұны
Бір шалдың Зейіт деген баласы болады. Мазмұны алдыңғы сипаттамамен бірдей. Зейіт әкесінен ұрлық үйреніп, екеуі патшаның қазынасына түсе бастайды. Әкесі орға түсіп, шыға алмаған соң, Зейіттің рұқсатымен басын кеседі, сондықтан патша адамдары ұрының тек денесін табады. Кейін Зейіт айламен өзін сынаған патшаны әйелімен бірге сандыққа салып алып келеді, ал оқиға соңында оның бұрынғы күнәлары кешіріледі.
Қолжазбаның атауы
Жетім Жалғас тарихы / جەتىم جالغاس تارىخى
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан.
Қысқаша мазмұны
Бұрын Жалғас деген жетім өтіпті. Оның әкесі Отарбай өмір бойы Бұқарбай байдың жылқысын бағады. Байдың сараңдығына ызаланған Отарбай көз жұмарда артында қалып бара жатқан жеті жасар Жалғасқа байдан кек алуды тапсырады. Байдың тоқалынан туған Айжан атты бойжеткен Жалғасқа ғашық болады. Жалғас байдың жылқысын бағып жүргенде, Айжан оған көңілін білдіріп, «Екеуіміз бірге қашайық», – деп ұсыныс айтады. Тоқтай бай Айжанды Сақпан атты ұлына атастырады. Уәделі күні Сақпан Айжанды алып кетіп бара жатқанда, жылқы бағып жүрген Жалғас алдынан шығады. Екеуі төбелесіп, Жалғас жеңіп шығады да, Айжанды тауға алып кетеді. Екі бай ақылдасып, оларды ұстауға он бес жігіт жібереді. Жалғас пен қасындағы екі жігіт мылтық атып, қуғыншыларды қашырып жібереді. Болыс уезден қырық солдат алдырады. Олар Жалғастарды ұстап алады. Алайда басшысы Игорь Жалғасқа жаны ашып, оны қамауға алмайды. Оны уезден сұрап алып, үйінде ұстайды. Игорьдің бастамасымен кедейлер топтаса бастайды. Олар байлардан кек алмақ болады. Кейін большевиктер келіп, байларды қырып, жарлыларға теңдік алып береді.
Қолжазбаның атауы
Жетім Көдек.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Ағайынды Бақыт пен Сағыттың әкесі өлгеннен кейін көрген бейнеттері суреттеледі. Дастан Бақыттың патша тағына отырып, мұраттарына жетуімен аяқталады.
Қолжазбаның атауы
Жетім бала Жебір уәзірі.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Халқына зорлық қылып, дүре соғып малын алатын хан мен оның уәзірі Мұрсаппас пен зорлық, жәбір көрген жетім ұл арасындағы оқиға баяндалады. Әкесі өлген соң жалғыз сиырын базарға сатуға келгенде Мұрсаппас оны алдап үйіне әкеп, бар ақшасын тартып алып, дүре соғады. Жетім бала кемпірдің ақылымен алты уәзір мен хан қызын өлтіріп, «қыз» бейнесінде Мұрсаппасқа келіп оны торға түсіреді. Әбден сабап алған соң, «дәрігермін» деп тағы келіп өлімші етіп сабап, ақыры өлтіреді. Кейін ханды да қолға түсіреді. Өзінің ақылдылық, көрегендік пен қулығының арқасында оның қызы мен тағына ие болады.
Қолжазбаның атауы
Жеті Ашық.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Төрт өнерлі жігіт ағаштан қыздың мүсінін жасайды. Оған киім тігеді, әшекейлейді. Құдайдан жан бітіруін тілегенде, мүсін тіріліп, сұлу қызға айналады. Қызға төрт жігіт, жолда кездескен екі адам мен хан таласып, дауды шешу үшін төрт жүз жастағы қарияға жүгінеді. Қария мен сопының сөзінен кейін қыз өтірік айтқандарға теріс бата беріп, қайтадан ағаш қалпына түседі.
Қолжазбаның атауы
Жетім Құбыл / جەتىم قۇبىل
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Жетім қалған Құбыл Армұз шаһарының патшасы Қалетшеден қорлық көреді. Сыдық пен Ғасыр уәзірлердің көмегімен зынданнан қашып құтылады. Қалетше жау келе жатқанын естіп, тауға қашады. Жау Армұз қаласын ұрыссыз басып алады. Тауда қаңғып жүрген Қалетше келе жатқан Құбылды танып, одан кешірім сұрайды. Құбыл Иран батырымен айқасып, жеңіске жетеді әрі дінді қабылдайды. Кейін Қалетше патшаның қызы Күләнтайға үйленіп, мұратына жетеді.