Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Шомановқа сөз бергенде
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
1948 жылы май айының аяқ кезінде Қарағанды қаласында Киров және Сталин атындағы көмір трестерінің таңдаулы кеншілерінің мәслихаты туралы айтылады. Сол мәслихатта Қайып ақын мен Ілиястың ақынның құрметті шахтер, Социалистік Еңбек Ері №18 «Бис» шахтасының атақты навалоотбойщигі Сәкен Шомановқа арнаған жарасымды мақтау өлеңдері айтылады. Шомановтың шахтада 20 жылдан астам қызмет еткені, табысты еңбегі сөз болады.
Қолжазбаның атауы
Шернияздың зорлығы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әңгімеде Қарағанды облысындағы ағылшын капиталистерінің қолшоқпары, подрядщик Шернияз деген байдың бір ауру бұзауының Ахмет деген жұмысшының үйінің алдына келіп өліп қалғаны сөз болады. Байдың соны Ахмет өлтірді деп арыз беріп, ертеңінде жарлы Ахметтің бұзаулы сиырын тартқызып алғаны туралы көзбен көрген адам тарапынан баяндалады. Шахта иесі ағылшын байы жаңағы Ахмет деген жұмысшының бұзаулы сиырын Шерниязға қолма-қол тартатып әпергендігін көзбен көргенін айтады. Ал Ахмет болысқа, приставка арыз бергенде, оны құлағына да қыстырмайды.
Қолжазбаның атауы
Шаншардың қулары
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Шаншар абыз Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданының төңірегінде өз заманында бір тайпа елді аузына қаратқан би болыпты. Бір жорықта батырлар қалмақ ханының Әйбике, Нұрбике, Қызданбике атанған үш сұлуын қолға түсіріп әкеледі. Абыз үш қыздың тілегін сұрайды. Олар кімге берсе де, үшеуін бір-ақ адамға беруін өтініпті. Абыз үш қызды бір адамға беруге шешім айта алмай, «келісіп біреуі алсын» деп батырларға рұқсат береді. Үш сұлу қызды батырлар бір-біріне қимай, араларына іріткі түсе бастайды. Ауыл ақсақалдарының ақылымен бүкіл ел болып ұйғарым жасаған соң, Шаншар абыз үш қызға үйленуге келісім беріпті. Үш қыздан тараған Шаншар тұқымы, «Шаншардың қулары» аталған ұрпақ үш ауыл болып өсіп, қазіргі уақытта «Егіндібұлақ» ауданының негізін қалаған болса керек. Әңгімеде осы «Шаншар қуларының» шебер қалжыңдары, шешен тілдері мен өткір ойлары баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Хорбательдің күресінге тасталуы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
1916 жылдың жазында «Июнь жарлығы» шыққаннан кейін көп ұзамай шілде айында кен басшысы Хорбатель нарядқа келіп, оны Александр Горбатов, Нұрмағамбетов Ысқақ, Алтайбаев Хұсайын деген жұмысшылар, кен таситын арбаға итеріп құлатып, топырақ төгетін күресінге апарып тастағаны, ағылшын пайдакүнемдеріне өздерінің кекті ашуларын осылай білдіргендері туралы айтылады.
Қолжазбаның атауы
Халық аузынан
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әңгімеде Ақтөбе облысының Шалқар ауданын мекендеген, ХІХ ғасырдың аяқ шенінде өмір сүрген, Тілеу руынан шыққан қу, сөзшең Мұса туралы айтылады. Мұсаның сараң байдың үйінің қалай тамағын ішкенін, төркіндеген қыз болып, мешіт молдасы Бахраддин деген кісіні масқара еткен әңгімелері сөз болады.
Қолжазбаның атауы
Халық ақыны Болман Қожабаевтың айтқан әңгімесінен
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
1944 жылы қыркүйек айында Болман ескілікті жақсы білетін замандастарының арасында отырып бір әңгімесінде мынаны айтады: «әкем Қожабай Тоқсанбайдың баласы Абайдың замандасы екен. Өте пысық, қажырлы адам болатын. 1873 жылы Омбыда айтыс болыпты. Бұған атақты отыз ақын атсалысыпты. Солардың ішінде жас Абай да болады. Ақындар әзілмен бір-бірімен ашусыз айқасып отырса да, Абайға батып ешқайсысы сөз қата алмайды екен. Ол кезде Абайдың шешен, сөзге шеберлігі жағынан Ұлы жүз бен Орта жүзге атағы әйгілі еді. Жасы кіші болса да Абай Қожабайға біраз ақыл айтыпты. Ол ақылын өлең түрінде айтқан екен. Қожабай басқа өзіндей ақындарға жол бермей жүрсе де, Абайға кенеттен қайырып ештеңе айта алмапты. Абайдың сөзі Қожабайды біраз ойға қалдырады. Ол мәдениеттен кенже қалғанына біраз налып, Абайға өлеңмен сәлем хат жазып жібереді».
Қолжазбаның атауы
«Үркіп кетемін»
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әңгімеде Қаратау жеріндегі Доспай болыстың Шаян деген жылқышысы туралы айтылады. Ол байдың көп жылқысын бір өзі бағады екен. Күні бойы жылқы бағып, атсоқты болып келгеніне қарамастан байдың әйелдері оны су әкелуге, отын теруге жұмсай беретін болыпты. Мұнан мезі болған Шаян отынға барса, жыланнан, суға барса бақадан үркетінін айтып сылтауратып, бармауға амалдапты. Бір күні бай әйелдері Шаяның үріккеннін көрмекші болып, суға жұмсап, өздері артынан еріп жүріпті. Шаян алдын-ала дайындап қойған қамшының өрімін лайға шаншып кетеді. Әйелдерден бұрын барып, қамшыны лайға батырып, шелегіне іліп алып, ойбай салып алдарынан шығады. Мұны көрген әйелдер жаулықтары жалбырап, шулап қаша жөнеледі. Сөйтіп, Шаянды жөнсіз жұмысқа жұмсамайтын болған екен.
Қолжазбаның атауы
Үркер көтерілгенде
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бір жолаушы келе жатып бір үйге түссе, қонағасы беріп жатыр екен. Ас артынан кейін үй иесі «үркер көтеріліп қалыпты» деп, қонаққа сорпаны көп ішкізіпті. Үй иесі ел аузындағы «үркер көтерілгенде, сорпа ас болады» деген сөзді меңзесе керек. Ертеңінде кешегі артықтау ішкен сорпа жолға шыққан қонақтың ішін ауыртады. Соған өзі қатты ыза болыпты. Кешкісін тағы бір үйге түскенде, ол үйдің иесі де ет желінген соң, сорпа іш деп қыстапты. Кешегі іші ауырғаны есіне түскен жолаушы ішпей кетіпті.