1944 жылы қыркүйек айында Болман ескілікті жақсы білетін замандастарының арасында отырып бір әңгімесінде мынаны айтады: «әкем Қожабай Тоқсанбайдың баласы Абайдың замандасы екен. Өте пысық, қажырлы адам болатын. 1873 жылы Омбыда айтыс болыпты. Бұған атақты отыз ақын атсалысыпты. Солардың ішінде жас Абай да болады. Ақындар әзілмен бір-бірімен ашусыз айқасып отырса да, Абайға батып ешқайсысы сөз қата алмайды екен. Ол кезде Абайдың шешен, сөзге шеберлігі жағынан Ұлы жүз бен Орта жүзге атағы әйгілі еді. Жасы кіші болса да Абай Қожабайға біраз ақыл айтыпты. Ол ақылын өлең түрінде айтқан екен. Қожабай басқа өзіндей ақындарға жол бермей жүрсе де, Абайға кенеттен қайырып ештеңе айта алмапты. Абайдың сөзі Қожабайды біраз ойға қалдырады. Ол мәдениеттен кенже қалғанына біраз налып, Абайға өлеңмен сәлем хат жазып жібереді».