«ЭПОС» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Тоқымбет
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан.
Қысқаша мазмұны
Тоқымбеттің жас кезінде әкесі қайтыс болып, шешесі екеуі Әжеке деген байдың малын бағып күнелтеді. Тоқымбет Әлім деген нағашысын іздеп тауып, шешесін сонда қалдырады. Өзі батыр, мерген әрі әнші жігіт болып өсіп, жүйрік ат сатып алып, ел аралап кетеді. Тоқымбет Қаратау бойындағы бір үлкен тойға тап болады. Осы тойда сайысқа түсіп, жүлдені жеңіп алады. Ол бір байдың Гүлейім атты қызына ғашық болады. Екеуі нағашысы Әлімге келіп паналайды. Осыған байланысты ел арасында үлкен дау басталады. Тоқымбет қуғыншылардың қолына үш рет түсіп, өзінің батырлығы мен тапқырлығының арқасында құтылып шығады. Содан кейін Гүлейім екеуі Бағаналы Ерден батырға барып, бастарынан өткен барлық оқиғаны баяндайды. Ерден батыр бұларды қарсы алып, жұртын жинап, үлкен той-думан жасап, бастарына отау тігіп, ел қатарына қосады. Сөйтіп, екі жас мақсатына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Ер Кешубай
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр.
Қысқаша мазмұны
Кешубай мен ояз арасында Ересей деген жер үшін талас туып, дау Кешубайдың пайдасына шешіледі. Кек сақтаған ояз Кешубайды қорлайды. Кешубай қорлыққа шыдамай, оязды өлтіреді. Абақтыға қамалған Кешубайды айдауға алып бара жатқанда, жары Күлжамила патша әскерімен соғысып, оны босатып алады. Кешубай патшаның құзырына қарамайтын Жиделібайсынға көшеді. Патша Кешубайдың ерлігіне сүйсініп, одан кешірім сұрап, еліне қайтарады. Кешубай еліне оралып, төре болады.
Қолжазбаның атауы
Ер Жасыбай
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Дұшпаннан ата кегін алу үшін аттанған Тұяқ батырдың жас баласы Жасыбай да әкесімен бірге соғысқа аттанады. Ер Жасыбай көптеген ерлік көрсетеді. Әкесі кәпірлердің қолынан қаза табады. Жасыбай әкесін Көктөбенің басына жерлеп, елде қалып, жетімдіктің зардабын тартып жүріп, Темір деген інісін тауып алады. Ер Жасыбай мен Темір кәпірлердің Аюша және Сары алып деген батырларымен соғысып, ата кегін алады.
Қолжазбаның атауы
Елім-ай
Қолжазбаның жанры
Қаһармандық дастан
Қысқаша мазмұны
Бұл дастанда 1723 ж. (қоян жылы) күзде болған үлкен қырғын майдан мен аштық, жұт бәрі қабаттаса келген опатты оқиға суреттеледі.
Қолжазбаның атауы
Діни қисса /دىنى قىسسا
Қолжазбаның жанры
Діни дастан.
Қысқаша мазмұны
Мұртаза Жолақұлы жинаған «Діни қиссалар» дін, имандылық, Ислам туралы жазылған. Діни қиссалардың бас жағы өсиет пен қанатты сөздер үлгісінде жазылған. Онда жастарға өнеге, ғибрат боларлық: «Ынсаният табылмас таласқанмен, Болмайды түзу біреу адасқанмен», – деген сияқты нақыл сөздер айтылады. Сондай-ақ: «Бірінші топтан таңдап бір жүйрік мін, Екінші топтан таңдап бір қылыш ал, үшінші топтан таңдап бір сұлу ал», – дегендей бозбала жастарға қаратып өсиеттер жазылған. Ары қарай Исламның шығуы мен Мұхаммед пайғамбар өмірі, имандылық, мұсылманшылық пен кәпірлік жайлы сөз болады. Адам Ата мен Хауа Ананың Әзірейіл жолдан тайдырып, күнә жасағандары туралы айтылады.
Қолжазбаның атауы
Қарға батыр.
Қолжазбаның жанры
Қаһармандық дастан.
Қысқаша мазмұны
Қарға батыр көпке дейін ешкімге айтпай келген сырын, яғни сүйген жары Гүлсімге қалай үйленгенін баяндайды. Бірде Қарға жылқы ұрлау үшін Сіргелі еліне барады. Шөлдеген соң бір үйге кіріп, сусын сұрайды. Үйдегі қыз сәлеміне жауап бермей, қымыз да ұсынбайды. Қарға қымызды өзі құйып ішіп, кеш батқанша сол үйде жатады. Кешке бір жігіт ат мініп, тағы бір атты жетектеп келіп, екеуін ағашқа байлап кетеді. Қарға аттарды шешіп алып, басқа жерге жасырады. Көп ұзамай әлгі жігіт қасына бір қыз ертіп қайтып келеді. Аттарын таба алмай, олар босап кеткен шығар деп ойлап, іздеуге кетеді. Осы сәтті пайдаланған Қарға бір атты мініп, екіншісін жетектеп, қыздың алдына келеді. Қыз оны танымастан атқа мініп, екеуі жолға шығады. Елден алыстаған соң ғана Қарға кім екенін айтады. Алданғанын түсінген қыз жылап, оны кінәлайды. Сонда Қарға: «Сені еріксіз алып кетпеймін. Өкінсең, қалаған жеріңе апарып тастаймын», – дейді. Қыз өз тарихын айтып береді. Оны өзі сүймейтін, ақылы кем бай баласына атастырған екен. Ал Ғалым деген жігітке тұрмысқа шығуға тек айттырған жерінен қашудың амалы деп бекінгенін, оны әлі жақсы танып та, сүйіп те үлгермегенін айтады. Енді қайтып барса, Ғалым да күдіктенуі мүмкін деп, Қарғамен бірге кетуге келіседі. Қарғаның үйлену тойын жасауға жағдайы болмағандықтан, досы Қалшаны Табынның батырлары Бұхарбай мен Сейілге жібереді. Олар Қарғаның абыройы төмендемесін деп мал беріп, үлкен той жасайды және оған еншіге мал бөледі. Қарға Гүлсімнің анасына барып кешірім сұрайды. Қызға байланысты дау шешілетін жиында болған жайды шын айтып, Гүлсімнің еліне күйеу болып қайтады. Сөйтіп, екеуі бірге баянды өмір кешеді.
Қолжазбаның атауы
Қаңғыбас Сандыбаттың жеті сапары.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Сандыбаттың сапар кезінде бастан кешкен оқиғалары баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Қалқаман-Мамыр / قالقامان – مامىر
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан.
Қысқаша мазмұны
Қалқаман мен Мамыр бір-бірін сүйіп, бірге қашуға келіседі. Әнет бастаған ел ақсақалдары істі малмен бітірмек болғанымен, Мамырдың ағасы Көкенай оған көнбейді. Көкенайдың оғынан жараланған Қалқаман аман қалады, бірақ еліне өкпелеп, Бұқара жаққа кетеді.