∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Топонимдік аңыз» айдарының архиві

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Нұртай тауы
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ақтоғай ауданының Жидебай ауылында (Қоңырат кеңшары) өте биік, көлемі үлкен «Нұртай» тауы бар. Таудың үсті жазық, атпен аң қуғанда қорқынышсыз жерде жүргендей болсаыз. Осы таудың өткен XIX ғасырдың бас кезінде кіші жүз елінен Нұртай деген жігіт қылмысты болып қоныстанған. Қыстау салып малды-жанды болыпты. Таудың күншығыс жағын мекендеген жігітіне ел ақсақалдары кемшілік көрсетпей, қамқорлық жасап «мына тау сенің атыңмен аталсын» деп, «Нұртай» тауы деп атапты.
Қолжазбаның атауы
Нұра туралы аңыз
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ертеде Нұра деген қыз болыпты. Жүзін мұң басып, әрдайым қайғыда жүреді. Ертіс атты жігітпен қосылсам, шер тарқар еді деп күндіз-түні ұйқы көрмей, ойға қалады. Ертісті бір көруге зар болып, бұлттан сәлем айтып, Шідіртіден хат жазып жібереді. Ертістен бір хабар болмай, жылағанда көз жасы өзен болады. Сөйтіп, жыл артынан жыл өтіп, Ертіс пен Нұра қосылыпты.
Қолжазбаның атауы
Нарынқол – Айғайтас
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Алматы облысы, Нарынқол ауданына қарасты Шәлкөде деген жайлауда Есекартқан деген жер бар. Ол жердің олай аталу себебі, ертеде бір кедейдің есегі сол жерде өліп қалған екен. Ал, Нарынқол деп аталуы себебі, моңғолдар сол жерден бір жіңішке өзенді көріп, «Нарынқол» деп атап кеткен. «Нарынқол» сөзінің өзі моңғол тілінен аударғанда «жіңішке» деген мағынаны білдіреді екен. Алматы маңайында Айғайтас деген тас бар. Жаугершілік заманда сол жердің тұрғындары жау келе жатқанын осы тастың жаңғырығы арқылы, айқайы арқылы біліп, дайын отырады екен. Сол себепті жер атауы «Айғайтас» аталып кеткен.
Қолжазбаның атауы
Найзакескен
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Жаугершілік замандардың бірінде бір рулы елді тұтқиылдан жау шауып, мінерге ат қалдырмай жылқыларын айдап кетіпті. Соңынан қууға ат таппаған Ес (Есей), Дос (Досберген) батырлар шапқыншыларды жаяу қуыпты. Қолдарындағы найзалары жаяу адамға алып жүруге ыңғайсыздық келтіргендіктен, кесіп, қысқартып алысыпты. Сол себепті әлгі жер «Найзакескен» аталған дейді көнекөз қариялар. Жау ұзап кетіп, соңдарынан қуғыншы көрінбегендіктен, асықпай жылқы сойып, тамақтанып жатады. Дос батырдың жауырыншылық қасиеті бар екен, соның арқасында қамсыз жатқан жаудың үстінен түседі. Қос батыр жауды күйрете жеңіп, Қайықпаның қанторысы деген жүйрік атты қолға түсіріп, жылқыларды елге қайтарады.
Қолжазбаның атауы
Мырзакелді
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ерте заманда бір таудың баурайын бір ел қоныстаныпты. Ауылдың болысы жақсы әрі қонақжай адам екен. Оның үйір-үйір жылқысы, қойы, түйесі болыпты. Бір күні сол болыстың үйіне Ақпатшаның өзі қонаққа келеді. Болыс той жасап, балуан күрес, бәйге, әртүрлі жарыстар ұйымдастырады. Аста-төк ет, саба-саба қымыз, халық ығы-жығы, той қырық күнге созылыпты. Патшаны аң аулатып, құс салып, ауылдың табиғатын аралатыпты. Қазақтың қонақжайлығына, мейірбандығына тәнті болған патша еліне кетіп бара жатып, артына қарағанда, ауылдың іргесіндегі тауға көзі түседі. «Мына таудың аты не?» деп сұрайды. Содан кейін сол таудың аты «Мырзакелді» атаныпты.
Қолжазбаның атауы
Матақ тауы
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ертеде Матақ деген батыр болған. Ол Қожан батыр деген батырдың немере інісі болып келеді. Қожан батыр көп нәрсеге көңілі толмай, Абылай ханның өзіне де қарсы шығып жүрген. Бір жорықта Матақтың әскерін елші келіп, қазіргі Қарқаралы ауданының Матақ кеншарының төңірегінде тоқтатқан. Ол жер бұрын Бекімжамал деген емші әйелдің атымен аталған. Ол әйел сол жерде жерленген көрінеді. Матақ батыр өлерінде: «Мені сол әйел жатқан жерге жерлеңдер» деп айтқан екен. Сонда уәзірлері: «Сізді әйел жатқан жерге қалай жерлейміз?» дегенде, Матақ батыр былай деген екен: «Мені сол төбеге жерлесеңдер болды. Осы жер мен өлгеннен кейін Матақ атанып кетеді». Содан былай сол жер «Матақ» атанып кетеді.
Қолжазбаның атауы
Майқұлаған
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ертеде Қытай елінің бір тыңшысы елінен қашып келіп, бір тауды паналайды. Ол осы тауды паналап, біраз өмір сүреді. Оны ешкім білмейді екен. Бір күні осы тауға жақын орналасқан жайлауға келіп, түнде бір қарын майды ұрлап қашып бара жатқанда, аяғы тастан тайып кетіп, майы құлап, жарылып тастарға жағылып қалады. Содан кейін қашқын ұсталып, оның жағдайы бүкіл елге мәлім болады. Таудың аты «Майқұлаған» аталып кетеді.
Қолжазбаның атауы
Қызыл тас
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Қазақ пен қалмақ арасында болған бір соғыста қазақ жауынгерлері қалмақтарды шығыстан батысқа қарай ығыстырып тастайды. Шаршап келе жатқан қазақ жауынгерлері елге қайтып келе жатып, күн сәулесіне шағылысқан тау етегіне келіп аялдайды. Жауынгерлер таудың әсемдігіне сүйсіне қарап жатып демалады. Содан халық арасында қызара батқан күнмен шағылысқан тауды «Қызыл тас» деп атап кетеді.