∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қысқаша мазмұны
Бұл қолжазбаның басқа шежірелерден айырмашылығы мұнда жыр, сызба және қарасөз шежірелер аралас. Мәтінде орта жүз Найман руын таратады. Басы сызба шежіре түрінде басталады да, «Найман», «Көрме – Байгелді – Байжан», «Жәйлаулар», «Жәйлау мақсаты», «Күзекке көшу» аттты тараушалар өлеңмен жазылған. Сонымен қатар, шежіреде қазақ халқының салт-дәстүрі, өмірі, кеңес дәуірінің алғашқы жылдары сипатталған.
Қысқаша мазмұны
Бұл дастанда бір шаһардың патшасы қайтыс болып, әйелі екі қабат күйінде жесір қалады. Ол аман-сау босанып, баласының атын Шаһзада қояды. Баласы он сегізге келгенде әкесінің орнын басқан патшаның қызына ғашық болады. Мұны білген патша баланы дарға асуды бұйырады. Патшаның кең ойлы уәзірінің арқасында екі жастың бір-біріне шын ғашық екенін білген патша, дарға асу жазасын кешіп, Шаһзадаға қызын қосады.
Қысқаша мазмұны
Дастанның бірнеше нұсқалары бар. Оқиғасы негізінен патша ізбасары Шаһизаданың әкесінің тағын қайтару жайындағы ерлігі мен оның Сағымжамал сұлуға ғашықтық сапарына арналған.
Қысқаша мазмұны
Дастанның оқиғасы Адам атадан басталып, төрт патшалық; пешдадилер, кейанилер, ашканилер, сасанилер туралы әңгімеленеді. Әуелгі Шит пайғамбар әулетінен өрбіген патшалар тарихының соңы Иранның Кейқауыс атты патшасы мен Тұранның Афрасиаб деген билеушісінің арасында жалғасады. Шайыр шежіресімен бірге атақты батырлар (Нариман, Сам, Зал, Рүстем, Суһраб, Дарап, т.б.) әулетінің де тарихы кеңінен суреттелген. Дастанның оқиғасы Рүстемнің және оның балалары – Парамұраз, Жиһангермен қызы Кіршаштың Афрасиабтың әскерін жеңіп, той-тойлаумен аяқталады.
Қысқаша мазмұны
Шаншархан баласыз болып, алпыс қатынының бірі бала таппай отырғанда, бір кедей адам менің қызым бір ұл, бір қыз табады деп міндетіне алады. Сол қыздан туған бала батыр болып, көп қалмақтарды қырады.
Қысқаша мазмұны
Қасымхан деген патшаның Өсімхан деген баласы Шақшақ патшаның әйеліне ғашық болады. Мұны білген Тазша Өсімханды өлтіреді. Әр түрлі қулық жасап, ханға уәзір болады.
Қысқаша мазмұны
Дастанда Шайқан мен Күләштің сүйіспеншілігі жырланады. Теңіне қосыла алмай, қатын малға сатылған Күләштің аянышты тағдыры сөз болады.
Қысқаша мазмұны
Бұл шығармада Қарашару Сейітқали деген ат-бегінің өзі дегендей атқа жете алмай жүргенде, кезіккен қара шағыр айғырды бар малы тоғыз бесті, бір қойға сатып алады. Оразбай деген кісінің жасаған үлкен тойында бесті айғырын бәйгеге қосады. 82 жүйріктен шағыр айғыр озып келеді. Қара шағыр айғырдың Сейітқалидың атын шығарғанымен аяқталады. Сол сияқты жырда оның басқа да жақсы қасиеттері сөз болады.