«ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Хикаят Дақайық әл Ахбар/ حىكايەت داقايىق الاحبار
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Мұхаммед пайғамбар туралы, оның нұры, он сегіз мың ғалам, Лаух пен Қалам, Ұжмақ пен Тамұқ туралы айтылады. Мұнан соң Мұхаммед пайғамбар Ислам негізін салушы ретінде халықты мұсылман дініне кіргізіп, насихаттап, уағыздай бастайды. Ажал жеткен кезде Әзірейіл келіп жан алатынын айтады. Жұмаққа түспегендер дозақ отына шығарылатыны сөз болады. Шаһиттар мен кәпірлер туралы сөз болады. Тән мен жан туралы айтылады. Жұмақта Мұхаммед пайғамбардың нұры күннен-күнге арта түседі. Онда хор қыздары қызмет етеді. Бұл дүниеде өлімнен ешкім құтылмақ емес. Қалай тығылсаң да өлім келген соң, алмай тынбайды дейді. Қабірде жалғыз жатып, дүние қызығының бәрінен қалады. Бала-шаға әйелі артында жылап қалады дейді. Адамның рухын сөйлетіп, бұл дүниенің жалған екенін айтады.
Қолжазбаның атауы
Харун Рашид патшаның бастан кешкен хикаясы /ھارۇن راشىد پاتشانىڭ باستان كەشكەن حيكاياسى
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Дастанда үш хикая баяндалады. Біріншісі: Харун Рашид патшаның түнде жүріп жалған патшаны көргені, екіншісі: сандықтағы әйелдің өлімі, ал үшіншісі: Мысыр патшасының екі ұлы Шамсуддин мен Нуриддин және олардың бастан кешкен оқиғалары туралы. Дастан оқиғасы “Мың бір түн” сюжетінен алынған.
Қолжазбаның атауы
Хасен-Жәмилә/حاسەن – جەمىلە
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан
Қысқаша мазмұны
Хасен де, Жәмилә да кедей-жалшының семьясында өскен. Екеуі бірін-бірі сүйіп, қосылмақшы болып жүргенде, Жүніс деген бай Жәмиланың әкесі Бейсенге құда түсіп, баласы Патшабекке зорлап әпермекші болады. Бір күні Хасен Жәмиланы алып қашып, қапылыста қолға түсіп қалады. Одан зорға дегенде құтылып шығады. Соңғы ұсталуында үстем тап өкілдері Хасен мен Жәмиланың жаңа туған нәрестесін тірідей, айдалаға тастап, өздерін түрмеге қамайды. Жәмилә да сол көтеріліске қатысады. Екі жас өз мақсаттарына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Халят патша
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Дашты Қыпшақ елін билеген Қалетше деген қатал патша болады. Соғысқа жарар мал таба алмай отырған жетімнің жалғыз өгізін тартып алады. Баланы зынданға салады. Зынданда сегіз жыл жатып Құбыл он беске келеді. Хазірет қыдыр аян беріп, балаға ғылым үйретеді. “Мұратыңа жетсін, еліне үкім өтсін”, – дейді. Өзінің ақыл-айла тапқырлығымен және Сауық пен Ғасылардың (Жаһанның бұрынғы уәзірі) көмегімен Қалетшеден кегін алады. Кейін Жаһангер мен Қалетше татуласады. Қызылбастың палуаны Еренді жеңеді. Осы жерден дастан бітіп аяқталмай қалған.
Қолжазбаның атауы
Ұры мен қазы
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Ертеде Бағдат шаһарында білімді қажы өмір сүрген екен. Қажы бір күні Құран оқып отырып, “кімде-кім түнде барып бақ ішінде бес бес намаз оқыса сауабы тиеді” деген сөзді көзі шалып қалады. Түнде бақ ішіне барып намаз оқымақшы болғанда, ұрыға тап болады. Әрі қарай қажы мен ұры арасында болған жағдай баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Ұлықбек/ ۇلىقبەك
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбектің өмір жолы, ғылымға ашқан жаңалықтары мен осы жолда оған істелген кедергілер туралы сөз болады. Көлемі қысқа болғандықтан келелі мәселелер көтерілмейді.
Қолжазбаның атауы
Үш ойшыл
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Ертеде Моңғол жерінде Шарун деген перзентсіз патша өмір сүреді. Түсінде аян алған соң, басқа елден әйел іздетеді. Уәзірлері жолда кедей Дандун мен оның жас әйелі Үлнені кездестіреді. Патша Үлнеге қызыққанымен, ерлі-зайыптылар кейін байып, үш ұл сүйеді. Үш ұлы ақылды әрі әділ болып өсіп, «Үш ойшыл» атанады. Кіші ұл патша қызына үйленіп, кейін әділ патша болады. Оның Дән-Симан атты қызы күн нұрынан жүкті болған соң, сандыққа салынып, дарияға ағызылады. Оны балықшы ағайындылар тауып алып, кішісі Дән-Симанға үйленеді. Дән-Симан Тімушин атты ерекше ұл, кейін егіз ұл туады. Одан әрі шығармада осы балалардың бастан кешкен оқиғалары баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Үш ойшы
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Шаһмыр патша қайтыс болған соң, үш ұлы білім алып өседі. Әкелері жасырған алтынның жоғалғанын білген олар әділ Мәнш патшадан көмек сұрайды. Үш жігіт зеректігімен патшаның тегін, ұсынылған ет пен нанның сырын дәл табады. Олардың ақылына көзі жеткен патша жоғалған алтын жайын тыңдап, жауап ретінде бір қыздың оқиғасын баяндайды.