∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

«АВТОРЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ - ақындар айтысы» айдарының архиві

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Қыз бен жігіт айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Базарға мейіз сатуға келе жатқан керуеншілер арасынан қалжыңнан шығарып, қыз бен жігіт айтысады. Ел жайлауындағы ескі тұрмыс, еңбекшілердің төрт түлік малмен айналысып, оны өзге заттарға сауда арқылы ауыстырып, тұрмыс, тіршілік ететіні жайында айтылады. Жігіт Балқия қыздың сөзді орнымен тез табатынын аңғарады. Айтыс тең түсіп отырады.
Қолжазбаның атауы
Құлтума мен Намаз айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Құлтума ақын аталып, өзімен айтысқан ақындарды жеңіп жүрген кезінде жас ақын Намазбен бір аста кездесіп айтысады. Құлтума «Сәлем бермедің» деп Намазға тиіседі. Айтыс үстінде Құлтума өзінің жақын туыстарын ғана жақтаса, Намаз ақын жалпы халыққа сүйенеді. Және өзінің білімділігін көрсетіп, ақырында жеңеді.
Қолжазбаның атауы
Алтай Құлтума ақын мен Найман Қожабай ақынның айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыс Атбасар дуанында ХІХ ғасырдың соңында өтеді. Айтыс негізінен әр ақынның өз руларының батырларын, байлықтарын мақтауға құрылған. Айтысты Қожабай бастап, жасы өзінен үлкен Құлтума ақыннан жол сұрайды. Оған намыстанған Құлтума «Ешкімге өлгенімше жол бермеймін!» деп жауап қайырады. Бұл кезде Құлтума 64 жаста екен де, Қожабай 34 жастағы жігіт екен. Айтысқа төрелік айтушы Ыбырай ақын.
Қолжазбаның атауы
Құлтума ақынның Ер Сейілмен кездесуі, Ырысбаймен айтысуы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыс Ақмешіт қаласында Тайшық деген кісінің асында болады. Құлтума осы асқа келген, қазақ даласына аты шыға бастаған Ер Сейілге барып, өлеңмен амандасып, арғы атасы Серкеден бастап мақтап, Сейілден ат-шапан сыйлық алады. Осы асқа сонымен бірге қарақыпшақтан шыққан ақын Ырысбай да келеді. Ырысбай Құлтумадан Ер Сейілден алған ат-шапанының бірін сауғаға сұрайды. Құлтума оған: «Айтыста кім жеңсе, бұл жүлдені сол алады» дейді. Айтыс осылай басталады да, Құлтуманың жеңісімен аяқталады.
Қолжазбаның атауы
Құлназар мен Шегебай айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Еламан Ашықбайұлының бір қара ешкісі бөлініп, жоғалып кетеді. Ол адасып жүріп, Шегебай Бектасұлының ауылының маңына қосылады. Келесі жылы ешкі иесі іздеп келіп, Шегебайдың қорасынан көріп, ен-таңбасынан танып алады да, көптеген ешкілердің көзі жоқ деп, Шегебайды ұры қатарында айыптап, түгелдей қайтарып алады. Шегебаймен бұрын да сөзге келісіп жүрген Құлназар айтыста осы жайды пайдаланады. Бір-бірінің өміріндегі кемшіліктерін, бойындағы міндерін қоса айтады. Айтыс нұсқасы толық, он бір буынды қара өлең үлгісіне құрылған.
Қолжазбаның атауы
Сегіз сал мен Ұлбай қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс
Қысқаша мазмұны
Айтыс 1909 жылдары болған. Кілең ақын-әншілер бірігіп ел арасында «Сегіз сал» деген атпен белгілі болады. Олар өз алдарына жастарға ақыл үйрету, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін үйрену сияқты игі мақсат қояды. Ел арасындағы жаман әдеттерді сынайды. Олардың осындай дағдыларына түсінбеген Ұлбай деген ақын қыз Сегіз салға хатпен өлең жазады. Айтыс аяқталмай қалған.
Қолжазбаның атауы
Сәлиқожаның Ғайнижамалға жазғаны
Қолжазбаның жанры
Айтыс
Қысқаша мазмұны
Түркістанның Сарысу атты жеріндегі Қыпшақ руынан шыққан Кенжебайқызы Ғайнижамал (Әйке деп те атаған) атты сұлу қыздың ақындығы елге аңыз болып таралады. Ғайнижамалдың сұлуығына жарасқан даусы қосылғанда естіген шайырлар ауыз ашып тыңдаған. Ғайнижамал өзінің ақындық өнеріне тең келетін Сәлиқожаны естіп, үйіне шақыртып айтыспақшы болады. Әдейі үй тіктіріп, ішін сән-салтанатты жасауға толтырып. әртүрлі дәмді тағамдармен дастархан жайғызады. Жанына құрбы-қыздарын жинап, ойын-сауық бастап айтысады. Ғайнижамал өзін таныстырады да, атақты адмдарын, үлгі алатын ақындарын айтады. Сәлиқожа қыздың байлығын көріп, ал өзінің ақындық өнермен күн көріп жүргенін жырлайды. Айтыста сол кездегі халықтың жалаңаш-жалпы өмірі, рулар арасындағы тартыс айтылады.
Қолжазбаның атауы
Орынбай ақын мен Сералықожаны айтыстырғаны
Қолжазбаның жанры
Айтыс
Қысқаша мазмұны
Орынбай ақын Сералыны: «Молдалық етіп күн көресің еңбек етіп мал таппайсың», — деп сөгеді. Бірақ Сералы сөз жүйесін тауып кетіп, Орынбайды жеңеді.