Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Айбас қарттың баласы Шаған бұғы батырдың қиссасы
Қолжазбаның жанры
поэзия
Қысқаша мазмұны
Балықшы шал мен кемпірдің Шаған Бұғы атты жеті жасар жалғыз баласын жайын жұтып, елсіз бір аралдан келіп шығады. Кемемен келе жатқан саудагерлер балаға жаны ашып, Мысыр шәріне алып кетеді. қала жендеттері кісі өлтірдің деп пәле жауып, Шағанды патша сарайына табыс етеді. келгендердің ішінде Мысыр патшасының бас уәзірінің Бағдагүл деген қызы Шаған Бұғы батырға ғашық болады. Бірақ қыздың айдаһарға жем болатын кезекті күні таяу екен. Ай сайын үлкен қауіп төндірген айдаһарды Бұғы батыр өлтіріп, қала халқын таң қалдырады. Бағдагүл Бұғы батырға қосылады. Бір күні Бағдагүлге екінші бір патшаның баласы ғашық болып, Бағдагүлді сиқыршы кемпірге ұрлатып әкетеді. Бұғыны сандыққа салып, суға ағызып жібереді. Күшік пен мысықтың көмегімен Бұғы жоғалып қалған сиқырлы жүзігін тауып алады. Шайхы Мауленнің көмегімен Бағдагүлді тауып, сиқыршы кемпірді ұстап, кегін алады. Бұғы мен Бағдагүл қайта қосылып, мұраттарына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Пайғамбардығ Миғражға қонақ болғаны
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Пайғамбардың өмірі мен өмір сүрген ортасы, ізіне ерген халифалар мен құрайыштан шыққан дұшпандармен соғыс жағдайлары сөз болады. Пайғамбардың Миғражға барған сапары мен астындағы Дүлдүлі суреттеледі. Дастан басталғанда Пайғамбардың дүниеге келуі, өмірі, тарихи уақиғалары суретгеледі. Әзіреті Әлидің ерліктері баяндалады. Дастан Әлидің қайтыс болуымен аяқталады.
Қолжазбаның атауы
Нұғман-Назым қиссасы
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық жыр
Қысқаша мазмұны
Бұл дастан ғашықтар жайлы. Бағдатта болған оқиға. Осы шаһарда Ғабдолла атты жомарт кісінің баласы болмайды. Елу жасқа келгенде перзенті дүниеге келеді. Осы елді билеген Құжаз патша – өте залым адам. Ғабдолла сауда жасап бір қалаға барғанда бес жастағы қызцы сатып жатканын көріп, баласына сыйлық ретінде әкеліп береді. Екеуі жастайынан бірге өсіп, үлкейгенде бір-біріне атастырылады. Ғабдолла баласына өзінің орнын береді. Нұғман үш айға сапарға кетеді. Оның ғашығы Назымды Қужаз патша көріп, ғашық болып қалады. Назымды сиқыршы кемпір арқылы алдап сарайына алдырып, ұрлықшы деп өтірік айып тағып, Бағдаттың халифына сыйға тартады. Ол қызды халифтың апасы түсініп, онымен сөйлесуге халифтың рұқсатын алады. Сапардан оралған Нұғман, ғашығының жоқ екенін көріп, қатты қиналады. Оның үйіне бақсы шал келіп, кітап ашып, қыздың жағдайын айтады. Ол жігітке көмектесу үшін, дәрігер болып Бағдатқа барады. Халифтың апасы қырық қыздың біреуін осы шалға әпереді. Шал өзінің үйленген қызына дәрі беріп, бетіне жігіттің мөрін басады. Оны көріп, Назым талып қалады. Назым қызға бар сырын айтады. Бүны естіп қыз жігітті сарайға ертіп келеді. Нұғман мен Назым қосылып, үлкен той жасайды. Халиф өзін Қужаз патша алдағаны үшін дарға асып, орнына Нұғманды патша қояды.
Қолжазбаның атауы
Мұхаммед Қанапия
Қолжазбаның жанры
Діни дастан
Қысқаша мазмұны
Жыр Ислам дінін таратушылардың тарихи ерлігін тілге тиек етеді. Қанапия — Әли халифтың ұлы. Ол Табут деген патшамен соғысады.
Қолжазбаның атауы
Орқа-Күлше
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық жыр
Қысқаша мазмұны
«Орқа–Күлше» дастанында бала кезінен атастырылып, кейін қосылған Орқа мен Күлшенің махаббаты баяндалады. Күлшенің сұлулығына қызыққан Бәни Омар мен Мәлiк Мақсан оны тартып алуға әрекет жасайды. Орқа Бәни Омарды жеңгенімен, өзі елден кеткен кезде Күлшенің әкесі Қалел дүние үшін қызын Мақсанға бермек болады. Орқаға Күлшенің өлгені туралы жалған хабар жеткізіліп, ол қатты қайғырады, ал Күлше Мақсанның қолында қалады. Алайда Күлше Орқаға деген адалдығынан айнымайды. Кейін Орқа Күлшенің тірі екенін біліп, оны іздеп тауып, екеуі қайта қауышады. Мақсан олардың шынайы махаббатын түсініп, екі жастың қосылуына мүмкіндік береді.
Қолжазбаның атауы
Мұңлық-Зарлық дастаны
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық жыр
Қысқаша мазмұны
Баяғы заманда он сан Ноғай елінде Шаншар атты хан өмір сүреді. Ол дәулетті, елге беделді адам болғанымен, қартайғанша перзент көрмейді. Қырық әйел алса да, ешқайсысынан бала сүймейді. Бір күні осыған қатты қиналған хан елге жар салып, өзіне ұл мен қыз туып беретін әйелді іздейді. Сол кезде ел ішінде кедей өмір сүріп жүрген Жәудір деген қарт балықшының Ханшайым атты қызы болады. Шаншар хан Ханшайымға үйленеді. Көп ұзамай Ханшайымның бір ұл, бір қызы дүниеге келеді. Ұлының аты — Зарлық, қызының аты — Мұңлық. Алайда ханның бұрынғы әйелдері Ханшайымды қызғанып, оның балаларымен бірге бақытты өмір сүруіне қарсы болады. Олар ханға түрлі сөз айтып, Ханшайымды жамандайды. Ақыры қызғанышқа берілген әйелдер ханның сеніміне кіріп, Ханшайымнан құтылудың амалын табады. Ханшайымның екі баласын жаулары Шөгірлі тауына апарып тастайды. Ал Ханшайымды екі баласынан айырып, дариядағы адам аяғы баспайтын аралға апарып тастайды. Осылайша ана мен бала бір-бірінен ажырайды. Зарлық пен Мұңлық тауда жалғыз қалады. Екеуі бір-біріне сүйеніп өседі. Уақыт өте келе Зарлық ер жетіп, батыр болып қалыптасады. Ол туған жерін, әкесін, анасын іздеуге бел буады. Зарлықтың көмегімен Ханшайым отырған арал табылады. Ол аралдан анасы Ханшайымды алып шығады. Осылайша ұзақ жылдар бойы бір-бірінен айырылған ана мен баланың қауышуы жүзеге асады. Кейін Мұңлық та әкесі мен анасына қосылады. Осылайша отбасы қайта бірігеді. Хан өзінің бұрынғы қателіктерін түсінеді. Зарлықтың ерлігі мен ақылдылығына риза болған Шаншар хан оған ел басқаруды тапсырады.
Қолжазбаның атауы
ﻭﻟﻰ ﺠﻮﺮﺌﻕ / Ұлы жорық
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Ұлы Отан соғысы кезіндегі майдангерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі дәріптеледі. Шығармада қазақ жауынгерлерінің Отанды қорғау жолындағы батылдығы, қайсарлығы мен елге деген адалдығы суреттеліп, олардың жауға қарсы көрсеткен ерліктері мадақталады. Сонымен қатар тылдағы қарапайым халықтың ауыр еңбекпен майданға қолдау көрсеткен қажырлы тіршілігі баяндалады. Колхоз еңбеккерлерінің, соның ішінде малшылардың да күндіз-түні тыным таппай, қоғамдық малды аман сақтап, шаруашылықты дамыту жолындағы адал еңбегі көрініс табады. Жырдың соңында фашизмді жеңіп, бейбіт өмірдің орнауы, еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің өзара татулық пен ынтымақта өмір сүруі жырланып, ел бірлігі мен бейбітшіліктің қадірі насихатталады.
Қолжазбаның атауы
Қасым әпенде деген кісінің хикаясы
Қолжазбаның жанры
Аңыз әңгіме
Қысқаша мазмұны
Ертеде Қасым деген өте бай адам болыпты. Жастайынан баққаны ит болып, өмірі әйел алмай , сол итті асырайды. Иттің атын «Алып кел» деп қояды. Итін жақсы көріп, өзі ішіп отырған асын тең бөліп береді екен. Бір күні иті өліп қалып, көп жасын төгеді. Итті жуып, ақ матаға орап, мешітке келеді. «Дүниеден бір жолдасым сапар етті» деп, молдаларға көп ақша беріп, жаназасын шығартады. Итті мазарға қойып жатқанда, иттің құйрығы матадан тесіп, сыртқа шығып кетеді. Мұны көріп шошынған молдалар «Бұл не пәле?І» деп, шариғат қазысына тапсырады. Қазы Қасымды дарға асуға бұйрық береді. Қасым иттің жақсы қасиеттерін айтып, қазыны да сатып алады. Қазы итке жаназа шығарады.