Тайжан деген белгілі адам елдің бетке ұстар ақындары мен термеші жігіттерін ертіп, Атбасар жәрмеңкесіне барады. Өзі сырнаймен белбеулетіп ән салып, жиналғандардың назарына ілігеді. Осы жәрмеңкеде сырнайды құйқылжыта тартып, атын билететін қытай жігіті елге өнер көрсетіп жүреді. Тайжанды оның сырнайының жаңа әрі үнділеу екендігі қызықтырады. болады. Тайжан одан «Сенің атыңды билет алсам, не берер едің?» деп сұрайды. Жігіт атын тек өзі ғана билете алатынын айтады. Тайжан оның атын билетіп берсе, қытай жігіт сырнайын сыйға тартатын болып, екеуі бәс тігіседі. Тайжан өзінің сырнайымен небір әуенге салады. Бірақ ат билей қоймайды. Сосын, болмаған соң жігіттің сырнайын сұрап алып, нағашысы үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» тамылжыта тартады. Сол-ақ екен, ат билей жөнеледі. Қытай жігіт егер дау туғызғысы келсе, Тайжанның алғашқы сәтте-ақ ұтылғанын әрі атты билеткен сырнай өзінікі екенін тілге тиек етер еді ғой. Бірақ ол Тайжанның асқан өнеріне риза болып, жаңа сырнайын сыйға тартады. Бұл сырнайды ақын ұзақ жылдар бойы айнымас серігі етеді.