Тоқымбеттің жас кезінде әкесі қайтыс болып, шешесі екеуі Әжеке деген байдың малын бағып күнелтеді. Тоқымбет Әлім деген нағашысын іздеп тауып, шешесін сонда қалдырады. Өзі батыр, мерген әрі әнші жігіт болып өсіп, жүйрік ат сатып алып, ел аралап кетеді. Тоқымбет Қаратау бойындағы бір үлкен тойға тап болады. Осы тойда сайысқа түсіп, жүлдені жеңіп алады. Ол бір байдың Гүлейім атты қызына ғашық болады. Екеуі нағашысы Әлімге келіп паналайды. Осыған байланысты ел арасында үлкен дау басталады. Тоқымбет қуғыншылардың қолына үш рет түсіп, өзінің батырлығы мен тапқырлығының арқасында құтылып шығады. Содан кейін Гүлейім екеуі Бағаналы Ерден батырға барып, бастарынан өткен барлық оқиғаны баяндайды. Ерден батыр бұларды қарсы алып, жұртын жинап, үлкен той-думан жасап, бастарына отау тігіп, ел қатарына қосады. Сөйтіп, екі жас мақсатына жетеді.