Қарға батыр көпке дейін ешкімге айтпай келген сырын, яғни сүйген жары Гүлсімге қалай үйленгенін баяндайды. Бірде Қарға жылқы ұрлау үшін Сіргелі еліне барады. Шөлдеген соң бір үйге кіріп, сусын сұрайды. Үйдегі қыз сәлеміне жауап бермей, қымыз да ұсынбайды. Қарға қымызды өзі құйып ішіп, кеш батқанша сол үйде жатады. Кешке бір жігіт ат мініп, тағы бір атты жетектеп келіп, екеуін ағашқа байлап кетеді. Қарға аттарды шешіп алып, басқа жерге жасырады. Көп ұзамай әлгі жігіт қасына бір қыз ертіп қайтып келеді. Аттарын таба алмай, олар босап кеткен шығар деп ойлап, іздеуге кетеді. Осы сәтті пайдаланған Қарға бір атты мініп, екіншісін жетектеп, қыздың алдына келеді. Қыз оны танымастан атқа мініп, екеуі жолға шығады. Елден алыстаған соң ғана Қарға кім екенін айтады. Алданғанын түсінген қыз жылап, оны кінәлайды. Сонда Қарға: «Сені еріксіз алып кетпеймін. Өкінсең, қалаған жеріңе апарып тастаймын», – дейді. Қыз өз тарихын айтып береді. Оны өзі сүймейтін, ақылы кем бай баласына атастырған екен. Ал Ғалым деген жігітке тұрмысқа шығуға тек айттырған жерінен қашудың амалы деп бекінгенін, оны әлі жақсы танып та, сүйіп те үлгермегенін айтады. Енді қайтып барса, Ғалым да күдіктенуі мүмкін деп, Қарғамен бірге кетуге келіседі. Қарғаның үйлену тойын жасауға жағдайы болмағандықтан, досы Қалшаны Табынның батырлары Бұхарбай мен Сейілге жібереді. Олар Қарғаның абыройы төмендемесін деп мал беріп, үлкен той жасайды және оған еншіге мал бөледі. Қарға Гүлсімнің анасына барып кешірім сұрайды. Қызға байланысты дау шешілетін жиында болған жайды шын айтып, Гүлсімнің еліне күйеу болып қайтады. Сөйтіп, екеуі бірге баянды өмір кешеді.