Садыр елінде бір байдың төрт қызы өлеңді қосылып айтып, жігіттерді шыдатпапты. «Бөрік кигеннің намысы бір» деп жігіттер өлеңші бала — Құлды алып барыпты. Құл қыздардың мінін сұрап алып, бір-екі ауыз өлеңмен жеңіп кетіпті. Риза болған соң елдің төресі байға айтып, Құлды құлдықтан босатады. Содан той-думанды Құл ақын ғана бастайтын болыпты. Бір тойда тағы бір ақын қыз той бастапты. Мұны естіген Құл қызға өлеңмен дүрсе қоя береді. Бірақ ақын қыз тапқыр екен. Құл ақынды сөздің орайында мүдіртіп тастайды. Құл ақын: «Өмірде бір-ақ адамнан бетім қайтты», — деп айтып отырады екен.