Найман Қожабай ақынның інісі Шеге ақын қыпшақ қызы Қатия ақынды Торғайға барған сапарында іздеп барып айтысады. «Ауылыңды іздеп келдім, Сарыарқаның биік белінен сәлем», — деп өлеңдетеді ат үстінен. Қатия қыз да: «Рұқсатсыз ауылға келіп, айғайлаған кімсің? Алдымен атыңнан түс, үйге кір, айыбыңды төлерсің», — деп жауап береді. Үлкендерге сәлем беріп, үйге түседі. Халайық жиналып қалады. Қыз қолына сыбызғысын алып, айтысқа әзірленеді. Шеген ақын Арқадан іздеп келгендігін, руының найман екенін айтады. Елдің атақты биі Әлмәмбет айтысқа рұқсат етеді. Шеген қыз басының кемшілігін іздейді. «Барған күйеуіңді кәрісініп қайтып келдің», — деп бетіне салық етеді. Қатия қыз: «Бұл айтқаның жала, мен әуел баста-ақ ризалық бермедім», — деп өзін ақтай сөйлейді. Айтыс қыза түседі. «Жаугершілік заманда 10 адамды патшаға ұстап беріп, опасыздық жасадыңдар. Міне, біздің Ерден батырды айт, ел қамқоры, досқа мейірлі», — деп мақтаныш етеді. Атақты адамдары, билері: «Ерден қазақтың қалың бұқарасының қамқоры болған, төрелер қырғыздарға аттанғанда ермеңдер деп елді тоқтатқан. Сондықтан айтысты тоқтатып, Шеген ағаңа шапан кигіз, жолыңды бер», — деген екен. Он бір буынды қара өлең ұйқасына құрылған.