Бір жігіт көл жағасында мұңлы өлең айтып отырған қызды көреді. Ол көлге түсіп жатқан қыздың қасына жақындап келеді. Сыбдырды естіген қыз артына жалт қарайды. Екеуі жөн сұрасады. Жігіт қыздан неге мұңлы екендігін сұрайды. Қыз өзінің сүйгеніне қосыла алмай, малға байланып кеткенін айтады. Сонда жігіт қызға қазіргі жаңа заманның жаңалығы болып табылатын, әйелдің бас еркіндігіне байланысты заңның шыққанын айтады. Яғни, «үкіметке барып, шағым айтып, хат жазсаң болды» деп ақыл береді. Сонда қыз айтады: “Егер мен сүйгеніме тұрмысқа шықсам деп, үкіметке хат апарсам, олар маған рұқсат берсе, бірақ мұны естіген менің әкем қайныма айтып, сөйтіп екі жақтың ақсақалдары жиналып, өздерінше үкім шығарса қайтем?” – дейді. Екеуі осылай әңгімелесіп отырады.