Кешегі өткен заманда, Ноғайлы байтақ елінде Шаншархан деген патша өткен. Бұл патша ноғайлы елінің ұлы да, әділ патшасы болған. Қанша әділ, ұлы патша болса да бір балаға зар болған. Бір баланың дертінен алпыс әйел алады. Сонда да бала болмайды. Жасы жетпіске жетеді. Бір перзент деп қайғы шегеді. Ақыры Шаудыр шалдың қызы Қаншайымға үйленеді, одан бір ұл, бір қыз туады. Көре алмаған ханның алпыс әйелі екі баланы мыстан кемпірге алтын беріп, дарияға апарғызып тастайды да, Қаншайымның балаларының орнына екі күшікті салып қояды. Балалардың аты – Мұңлық және Зарлық болады. Екі бала мен Қаншайымның көрген азаптары, оларға қырық шілтеннен жәрдем келгені, есейген Зарлықтың Күлмесханның елінде болғаны, ақырында Мұңлық-Зарлықтың әке-шешесімен табысқаны, мыстан мен алпыс қатынның жазасын алғаны жырланды.