Ерте заманда Найман тайпасын билеген Қайып деген ханның Күнсұлу атты қызы болады. Қызын елден аулақ, ағаш үйдің ішінде ұстаған. Бірақ қызы себепсіз жүкті болғандықтан әкесі оны ағаш үйімен кемеге салып, ағызып жібереді. Мұны Асукей, Жебе деген мергендер ұстап, Күнсұлуды Асукей алады. Айы-күні жетіп босанған соң, баланы Асукейге көрсетпей бағады. Бала ес білген соң Бұлғыр тауға қашырып жібереді екен. Асукейден егіз-егізден төрт ұл табады. Кейін Майқы би Бұлғыр тауға іздеп барып, Шыңғысты хан көтеріп, елге алып келеді. Елге тыныштық бермеген төрт бауырын өлтіріп, өзі көршілес руларды жаулап алуға жорыққа аттанады.