Табын Шоңқара деген бай адам қасындағы көрші елдердің малдарын ұрлатып алып, сойып жейді екен. Иесі келсе, еш сөйлеспей қайыратын көрінеді. «Сөйлессем, сөзден ұтылып, теңдік берермін» деп сақтанады екен. Бір күні кете халқының бір өгізін ұрлатып, сойып алған екен. Артынан қуған кісілер келсе, басқалары «біз білмейміз» дейді де, Шоңқараға келсе, тарс үндемей, теріс қарап жатып алып сөйлеспеген, қуғыншылар еш нәрсе істей алмай қайтқан. Кете Шернияз ақын он төрт жастағы бала екен. «Маған киім мен ат тауып беріңізші, мен барып көрейін», − дейді. Елі баланы киіндіріп, шығарып салады. Шернияз Шоңқараның үйіне келсе, баяғы әдетіне басып жатыр екен. Сонда Шернияздың тауып айтқан сөзіне Шоңқара басын көтеріп жауап беріп, қонақ қылып, малын өндіріп беріп, баланың аты елге жайылыпты.