Жырдың басты кейіпкері – қалмақтың атақты батыры Шаябай. Ол жалғыз атты кедей болғанымен, ерлігінің арқасында есімі жалпақ қалмақ еліне танылған. Бірақ Шаябай бейбіт жатқан, жазықсыз қазақтардың елін, жерін жаулап жүрген хандары Қоңтәжінің қанқұйлы әрекеттеріне іштей наразы. Көрші елмен тату болып, тыныш өмір сүруді аңсап жүрген батырдың билеушісімен түбегейлі ат құйрығын кесісуіне жекпе-жекте өзінен жеңіліс тапқан қазақ батырының көз жұмар алдындағы ащы да болса, шынайы сөздері түрткі болады. Сөйтіп, Шаябай қалмақ елінен кетіп, соңындағы серіктерімен бірге осы Үшқоңырға ат басын тірейді. Отбасын құрып, малды, жанды болады. Олардың мамыражай өмірін Тоқбай атты қазақ батыры бұзып, шаппаққа ниеттенеді. Ақыры екеуі татуласып, бірігіп Қоңтәжінің ордасын тас-талқан етеді. Шаябай Тоқбайға қарындасын ұзатып, қазақ-қалмақ ынтымақ-бірлікте өмір кешеді. Қартайып, өз ажалымен дүние салған батырды құрмет тұтқан қазақтар оның сүйегін Үшқоңырдың басына қойып, қабірдің іргесіндегі қос биікті Шаябайдың есімімен атап кеткен.