Бекболат би ұзақ жасайды, әбден қартаяды. Арғынның игі жақсылары жиналып, Бекеңе сәлем беруге келеді. Сонымен қатар ойларын айтады, орныңа қай баласын лайықтайтынын өз аузынан естігілері келетінін білдіреді. Бекеңнің бәйбішесінен екі ұл баласы, тоқалынан бір ұл, бір қызы бар еді. Кенет үйдің түрулі тұрған шымылдығының артынан бір жас қыз шыға келеді. «Бекем айтпайын демесе, шешемнен қаймықпаса, Тіленшіжанды айтпайтын несі бар? Тіленшіжанның ел билемейтін несі бар?» дейді де көзден таса болып кетеді. Содан Бекең басын көтеріп, қалың қабағын ашты да: «Сол шіркіннен үмітім бар» дейді. Бұл шешімін қасындағы бәйбішесі де қолдайды. «Бірақ байдың әруағы ақ бура, Тіленшіжанның әруағы ақ тайлақ еді» дейді. «Осы ер жетіп, дәрежесі көтерілсе, елді бір түзеп, бір бұзып, мазасын кетіреді-ау деп ойлаймын дейді қарт ана. Тоқалдан туған Тіленші пысық, аса зейінді болатын. Ата-ана балаға сыншы болатын, қарттар қателескен жоқ. Олар бір ауыздан Тіленшіні би көтеруге ұйғарады. Тіленші қарапайым болды, сол ел адамдарымен Нұра бойындағы мал суатына келді. Малшылар суаттан кейінірек төбешікте киімдерін киіп алып, ойын соғып жүр. Тіленші сол асыр салып жүргендердің ішінде. Содан ақсақалдар көріп қалып, Тіленшіні шақырады. «Әкең болса қартайды, көзі тірісінде сен би көтермекпіз» дейді. «Ал, сен болсаң, қойшы-қолаңшылармен алысып-жұлысып жүрсің, мұның ұят емес пе?» дейді. Сонда Тіленші былай деп жауап береді: «Әкемді хан деп барлығы қадірлейді. Ал кедейлер мен малшы-жалшылар биге кіре алмайды. Мен осы қарапайым халық мені танып білсе деймін. Кейін бір істері түсіп жатса «мынау біздің Тіленші ғой» деп қымсынбайтын» дейді. Жиналған жұрт түгел риза болып, Тіленші би қылып көтереді.