Тоқтамыс ханның Түкті аяқ деген құсы бопты. Сол сұңқарды тәрбиелеп бағып тұратын Құттықая деген адам болады. Сұңқар жұмыртқалаған уақытта Темір хан деген хан Құттықаяға кісі жіберіп, сұңқардың бір жұмыртқасын ханына білдірмей, беріп жібереді. Тоқтамыс хан: «Сұңқар нешеу туды? – десе, «Екеу туды», – дейді. Темірхан беріп жіберген жұмыртқасын тауыққа бастырып шығарады. Кейін Темір хан аңға шығып, сұңқарын құсқа салып, құс алдырып жүреді. Бір күндерде Тоқтамыс хан аңда жүрсе, бір сұңқар бір үлкен құсты қуып келіп, Тоқтамыс ханға жақындағанда алады. Артынан Темір хан қуып келіп «сұңқардікі» деп алып кетеді. Ол сұңқарды Құттықаяның Темір ханға ұрлап бергенін Тоқтамыс хан біліп қояды.