Ертеде Бақтияр деген батыр хан болған. Мекені ертедегі Бесқала маңындағы Төрткөл таудың Көкше жағындағы Қарабұлақ деген жер екен. Бақтияр ханның алты баласы, бір қызы болады, Қызының аты – Қаншайым. Ол он төрт жасында палуандықты меңгерген және сөзге шешен болған. Әкесі қызының сөзін қайтармайтынын білген Қаншайым “Оймауыттың ойындағы Миялы деген жайлауды маған берсеңіз екен” деп өтінеді. Әкесінің рұқсатымен Миялының жайлауын алған соң, отау тіктіріп, айналасына кең қызыл қорған (бүгінде қирап, орны қалған Қызыл қала болса керек) салдырып, Қаншайым ел аралап таңдап, қыздар жинап, қыздар мінетін тұлпарлар мен сәйгүліктерді сыншылардың сынынан өткізеді. Тіпті, алысудың айласын үйретсе, кейде Қаншайым шөл жөне тау арасына барып, қыздарға құрал-сайманмен соғысудың мың түрлі әдісін үйретеді. Қаншайым қырық қызбен тауда тұлпар жарыстырып, көкпар тартып жүргенде, қалмақтың ханы Қараша Бақтияр ханның елін шауып, әкесін өлтіріп кетеді. Қыздар жау ізінен қуып, жаудың алып кеткен мал-мүлкін қайтарып, Қараша ханды іздеп барады. Қараша ханнан елдің көмегімен кегін қайтарады. Қырық қыздың ерлігіне риза болған елі, олардың батырлығын ардақтап “Қырық қыз” қаласын салдырады. Жекпе- жекте ерлік көрсеткен Алшара батырмен Қаншайым бас қосады. Олардың Білеу атты баласы болады. Сол баланың атына қорған салдырады. Қорғанның атын “Білеулі” деп атайды. Білеулі қаласының халқы бақытты өмір сүріп, мұрат-мақсаттарына жетеді.