Ноғайлыда Қыдырбай деген бай, оның Қарашаш атты әйелі болады. Көрші бір хан баласыз Қыдырбайды тойға шақырып, «қубас» деп қорлайды. Қыдырбай соған қапаланып үйіне қайтады. Бұлар әулиеден бала тілеп, дүние кезіп кетеді. Тілектері қабыл болып, Қарашаш бір ұл, бір қыз туады. Қыздың атын Хансұлу, ұлдың атын Қобланды деп қояды. Қобланды бес жасында атқа мінеді, жылқы бағады. Ол жылқы бағып жүріп, бірнеше рет түс көреді, соның бәрінде қатты айғай-шу естиді. Мұның мәнісін әкесінен сұрайды. Шал алғашқыда дұрысын айтпаса, келесіде шынын айтады. Біздің күн шығысымызда Көклән деген кемпір бар, оның Құртқа атты қызы бар. Сол қыз күйеу таңдап отыр. Кімде-кім садақ оғымен қара тасты қақ айырса, соған тием деп шарт қойған. Ол шартты ешкім орындаған емес. Естіген айғай-шу қыздан дәмеленіп келген жігіттердің даусы дейді. Қобланды ер жеткен соң, әке-шешесінен рұқсат алып, Көкләннің еліне аттанады. Қобланды қара тасты қақ айырады да, Құртқаға үйленеді. Құртқаға ғашық болып жүрген Қара дәуді жеті күн соғысып жеңеді. Құртқаны алып, еліне қайтады. Жолда Қыдырбайдың көп жылқысына кездеседі. Жылқы ішінен кербиені Құртқа қайын атасынан көрімдікке сұрап алып, одан туған Құлынды Құртқа өзі баптап баға береді. Құртқаға ғашық Алшағыр Қобландыны алдап, қонаққа шақырып, өлтірмекші болады. Қобландының мініп барарлық аты болмай дағдарады, Құртқаның батырға арнап бір тұлпарды бағып отырғанын білмейді.