Қобланды батыр өлген соң, оның елін қалмақ ханы Алшағыр, Бабахан шауып, Құртқаны алмақ болады. Құртқа жолда босанып бір ұл, бір қыз табады. Қалмақтардың бұйрығы бойынша балалар айдалада қалады, оларды бір киік сүтімен асырайды. Бір жылдан кейін балаларды Көкше дейтін ноғай батыры тауып алып, өзіне бала етеді. Ұлдың аты – Жетімтай, қызды Жетімек деп атайды. Жетімтай ер жетіп, шешесінің жау қолында екенін біліп, оны босатып алу үшін жорыққа шығады. Жетімтай жауын жеңеді де, Құртқаны еліне алып қайтады.