∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Қобланды батыр жыры

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Қобланды батыр жыры
3. Авторы (Айтушы)
Сүйіншәлі Жаңбыршыұлы (1880 ж. т.) Орынбор облысы, Ақбұлақ ауданы, Сазды ауыл советі, «Шаған» деген жерде туған. Руы әлім ішінде – кете. Жас кезінде серілік құрып, домбырашы, әнші атанған. Бетеген, Қазмағамбет секілді жырауларға еріп, батырлар жырын үйренген. Жасы отыздан асқан кезінде өзі де ел аралап, «Қобланды батыр», «Жетімтай мен Жетімек», «Алпамыс», «Қарасай–Қази» т. б. жырларды айтып жүрген. Мұнымен қатар ауыл-үй арасында өлең шығарып, айтысқа да қатысқан. Сауаты болмаған адам, оның шығарған өлеңдері хатқа түспеген. Ол 1965 жылдары Ақбұлақ ауданы «Интернационал» колхозында тұрған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Мәтжан Тілеужанов
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
Қолжазба 1958 жылы Орынбор облысында жазылып алынған. 1958 жылғы Орынбор экспедициясы. Экспедицияны ұйымдастырған – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Экспедицияны басқарған – институттың аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Тұрлыбек Сыдықов. «Қобланды батыр жырын» экспедицияға тапсырған Мәтжан Тілеужанов.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
76
8. Бет, жол саны, өлшемі
125; 23; 16X20; 11X18
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Қолжазба жасыл сиямен бір сызықты дәптерге кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Батырлар жыры
12. Қысқаша мазмұны
Қыдырбай деген бай қартайған шағына дейін баласыз болады, соған қайғыланады. Содан кейін бұлар Құдайдан бала тілеп, дүние кезеді. Олардың тілегі қабыл болады. Бір ұл (Қобланды), бір қыз (Қарлығаш) туады. Қобланды ер жетіп, көрші елде тұрушы Көклән кемпірдің қызы Құртқаға үйленеді. Құртқа батырға торы тұлпарды күтіп өсіреді. Осы кезде елін шапқан жаумен соғысып, Қобланды оларды жеңеді. Қалмақтар жолда дем алып ұйқыда жатқан Қобландыны байлап алып, өздерінің ханы Қандыаюға апарады, зынданға салып тастайды. Бұл жайды Құртқа біліп, хан ордасына диуана болып келіп, Қобландыны зынданнан босатып алады. Қобланды Қандыаюды жеңіп, еліне қайтады.
13. Басы:
Қыдырбай деген бай болыпты.
14. Соңы:
Аз айтты деп сөкпеңіз, Осыменен болады.
15. Қосымша мәлімет
Мәтіннің ашық жеріндегі жеке сөз, сөйлем тағы басқа белгілер қарындашпен жазылған. Қолжазбаны оқып қарап шыққан кісілердің (4, 14, 17, 36, 66, 81, 109-6.) қойған белгілері болса керек.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш