Ел арасында тараған әңгіме бойынша, X ғасырдың екінші жартысында арабтар мен моңғол жаулаушылары арасында болған бір соғыста Аби Малик Бахадур деген араб халифасының зайыбы Гүлсара ханым моңғолдарға тұтқынға түседі. Гүлсара өте сұлу болады да, моңғолдар оны өлтіруге қимайды. Сонда моңғолдың қолбасшысы Нехнур осы Гүлсараға үйленбекші болады. Сол кезде ханымның аяғы ауыр, құрсағында алты айлық баласы бар екен. Сол себепті ханым қолбасшыға шариғат бойынша бұндай кезде қосылуға болмайтынын жеткізіп, мерзімі жетіп аман-есен босанса, сәбиі қырқынан шыққан соң өзінің некесін қидырып, қосылуға қарсы емес екенін білдіреді. Нехнур Гүлсараның тілегін орындайды. Гүлсара сәбиін дүниеге әкеліп, ол қырқынан шыққаннан кейін халифаға әйел болып қосылады. Гүлсараның сәбиі ұл болып, атын Темучин деп қояды. Біраз уақыт өткен соң анасы оны «Шыңғыс» деп өзгертіп атайды. «Шыңғыс» – арабша: «сен пәк, тазасың» деген мағына береді. Гүлсара Нехнурға үйленгеннен кейін тағы төрт бала туады. Олар: Богентай, Боргелтай, Сарықызыл, Сарғалтай. Бұл балаларының үрім-бұтағы моңғолдың ішінде өркен жаяды. Шыңғыс өскен соң бүкіл моңғол-татар тайпаларын біріктіріп, ірі мемлекет құрып, хан болады.