∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Қобланды

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Қобланды
3. Авторы (Айтушы)
Көшелек Еламанов
4. Жинаушы, тапсырушы:
Қолжазбаның аяғында бұл жырды Көшелектен 1960 жылы Т. Жүрсінова жазып алған, одан Г. Дигурсунов деген кісі жазып алған деген мәлімет бар.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
Қолжазба 1955 жылы Орынбор архивінен көшіріліп алынды. Бұл нұсқаның алғашқы қолжазбасы XIX ғасырдың жартысында, 1864 жылы, Гурьев уезінде жазылып алынған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
7
8. Бет, жол саны, өлшемі
49; 29; 22X29; 7X25
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Қолжазба жолсыз ақ қағазға кирилл әрпінде қара сиямен басылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Батырлар жыры
12. Қысқаша мазмұны
Он екі баулы ноғайда жасы сексенге келген Қыдырбай деген бай болады. Оның Меңдісұлу атты әйелі болады. Осы жасқа келгенше бұлардың баласы болмайды. Сондықтан Ақшахан Қыдырбайдың байлығын өз қолына түсіріп алуды көздеп, әртүрлі амал жасайды. Бұл жайды білген Меңдісұлу құдайдан бала сұрап, дүние кезеді, тілегі қабыл болады, бір ұл, бір қыз туады. Ұлдың аты – Қобланды, қыздың аты – Хансұлу. Жасы он екіге келгенде Қобланды жылқы бағады, ел шетінде жүреді. Малда жүріп алыстан бұрқыраған шаң көреді. Оның мәнісін сұраса, қалмақ ханы Алшағырдың елінде Көктім кемпір және оның Құртқа дейтін сұлу, ақылды, білгір қызы бар екен. Қызға үйленеміз деушілер көп екен. «Кімде-кім бәйтеректі садақ оғымен атып жықса, соған тиемін» деп қыз шарт қойыпты. Оны Қобланды ғана орындап, Құртқаға үйленеді. Құртқа Қыдырбайдың көп жылқысынан құла биені таңдап, оның ішіндегі құлын болашақта батырға жолдас тұлпар болатынын біледі, биені бөлек бағады. Бұл кезде Алшағыр және оның Айқасқа, Жантасқа секілді батырлары Қобландыны қонаққа шақырып, өтірік дос болады, олар батырдың көзін жоюды көздейді. Ол үшін қалмақтың Бектас деген батырымен астыртын байланыс жасайды. Содан кейін Қобландыға Алшағыр: «Дос екенің рас болса, қас-жауым Бектастан кегімді әпер», – дейді. Оған қарсы Қобланды аттанып кетеді. Бектасты жеңіп, Қобланды еліне келсе, елі шабылып қалғанын көреді. Сұрастырса, оны Алшағыр шауып кеткен екен. Қыдырбайды – құл, Меңдіні тезекші етіп қойыпты, Құртқаны алмақ ойда екен. Сол жерде Қобланды соғыс ашып, Алшағырды жеңеді де, ел-жұртын босатып алады.
13. Басы:
Кешегі өткен заманда, Он екі баулы ноғайда, Қыдырбай деген бай өткен.
14. Соңы:
Қалмақтың бәрін босатып Қобландыдай батырдың тамам болған жері екен.
15. Қосымша мәлімет
Бұл қолжазба Орынбор (Чкалов) қаласындағы облыстық (Игнатьевтің қолжазбалары ішінен) архивтен табылған. Оны тауып әкелген (1955 жылы) ТӘИ-дің сол кездегі аспиранты 3. Жантекеева. Орынбор архивінің директоры А. В. Поповтың пікіріне қарағанда, Игнатьев жинаған қолжазбалардағы қағаздардың түсі XVII ғасырға жататын көрінеді. А. В. Попов осы қолжазбалардан 15 шамалы қолжазбаны 1864 жылы қарап шыққанын мәлімдеген.Еламанов Көшелек нұсқасы – толық, шығарманың өлеңдік құрылысы жыр үлгісімен айтылған. Қолжазбаның машинкаға бастырылған көшірмесі Әдебиет және өнер институтында сақтаулы. Мұны О.А. Нұрмағамбетова түпнұсқасымен салыстырып, көшірменің дұрыстығын анықтаған. Жырдың әңгімесі Нұрпейіс, Айса, Мұрын жырау жырлаған «Қобланды батырға» ұқсас келеді.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш