Әбуәлі деген молда жолда кезіккен қубасты үйіне алып келіп қараса, сексен адам өлтірген деген жазуды оқиды. Молда басты ұнтақтап, қағазға орап, сандыққа салып қояды. Бір күні молданың қызы ұнтақтың дәмін татып көреді. Қыз содан жүкті болып, ғайыптан пайда болған баласы дүниеге келеді. Атын Ілім Ғайып қояды. Молда дүниеден өтеді. Ілім Ғайып тоғыз жасқа толғанда шешесі де қайтыс болады. Әбілқайыр патша бір күні құс жаманын, шөп жаманын, адамның жаманын тауып келіңдер деп уәзірлерін жұмсайды. Уәзірлері қырғауыл, шеңгел, басы таз Ілім Ғайыпты алып келеді. Патша оларды қабыл көреді. Уәзірлерін сынау үшін патша оларға тағы да қиын тапсырмалар береді. Уәзірлер Ілім Ғайыптың ақылымен тапсырмаларды орындайды. Өз ақылының арқасында Ілім Ғайып патшаға бас уәзір болады.