Ертеде Басыр деген шаһарда Әділхан атгы патша болады. Ол бір балаға зар екен. Түсінде біреу аян беріп, бір ұлы мен қызы болатынын, ал өзі балаларын көре алмайтынын айтады. Әділхан болашақ балаларына “гауһар тас” жасатып, кейін балаларының мойнына тағуды уәзірі Уәлиханға тапсырады. Патша өлгеннен кейін, оның орнына отырған Қарахан уәзірі болашақ мұрагердің көзін жоюды ойлап, Әділханның әйелін өлтіруді ұйғарады. Сөйтіп, екіқабат әйелді орманға апартқызып тастайды. Уәлихан орманда туған екі баланың мойнына уәде бойынша “гауһар тасты” тағып, бір айналып келсе, ұл баланы жолбарыс алып кетеді. Уәлихан қыз баланы үйіне әкеліп, өз баласындай өсіреді. Атын Шырайлым қояды. Гауһаркент деген таудың басында Якут деген шаһарда тұратын гауһаршы шал баланы жолбарыстан ажыратып, өзі бағады. Атын Шерқуат қояды. Сол шаһардың патшасы Таһиһан Шерқуат туралы хабардар болады. Ол уәзірлерімен ақылдасып, Шерқуатты Шам шаһарының патшасы Шаһишұрдың қызы Нұршаһраны алып келуге жұмсайды. Нұршаһра Шерқуатты түсінде көріп, ғашық болады. Шерқуат көп қиындықты жеңіп, Шам шаһарына жетеді. Қыздың әкесі Шерқуат пен Нұршаһраны үйлендіреді. Шерқуат еліне келіп, шындықты біледі. Қарындасы Шырайлымен, Уәлиханмен табысады. Қарахан жазаға тартылады.