Ертеде тама руы Қазан қаласын мекендепті. Ағайынды Кәрібай, Нәрік, Есім деген кісілер болады. Қаланы Есім билеп, Кәрібайдың баласы Тәсен елге беделді азамат болады. Бір үлкен тойға барарда Тәсен Нәріктің Шұбар атын сұрайды. Баласы жоқ Нәрік атын бермегенде, Тәсен оның перзентсіздігін бетіне басып ауыр сөз айтады. Осыған қатты күйінген Нәрік әйелі Гүлқаныспен бірге елінен кетіп, әулиелерді аралап, перзент тілейді. Жолда олар он сан ноғайлы айрақты еліне, мың үйлі түрікменге келеді. Түрікменнің Қарахан деген ханы, Әліби биі болады. Нәріктен зекет төлеуді талап етіп, кейін атақты Шұбар атын сұратады. Нәрік оған көнбей, әулие аралап, бала тілейді. Ақырында Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге түнеп, Гүлқанысқа түсінде аян береді. Көп ұзамай Гүлқаныс жүкті болып, арыстан етіне жерік болады. Айы-күні жеткенде ұл дүниеге келеді. Нәрік ұлан-асыр той жасайды. Алайда Әлібидің ықпалынан түрікмен елі тойға келмейді. Шора нағыз батыр тұлғалы ер жігіт болып өседі. Түрікмен балаларына зорлық көрсетіп, ақысын қайтарады. Мың баланы түгел қырып салады. Шорадан қорыққан Қарахан Нәрікке ел-жұртын жинап көшуге бұйрық береді. Шора бір ұйықтаса жиырма күн ұйықтайды екен. Әке-шешесі ұйқысынан оянбаған Шораны қалдырып көшіп кетеді. Ұйқыдан оянған Шора қасында күзетіп тұрған балалардан мән-жайды ұғады да, шұбар атына мініп, Әлібиге қарсы шабады. Биді өлтіреді де, Қазанға аттанады. Шораға қастық ойлап, Тасбұлақтың түбінде жатқан Тасыр мергенге жетіп келіп, жауын жеңеді. Шұбар атқа “тіл бітіп”, Шораға ақыл-кеңес айтады. Қалмақтың ханы Қараманды жекпе-жекте өлтірген Шора батыр ақырында тама елінің басын құрап, аңсаған арманына жетеді.