∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Ер Шора

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Ер Шора
3. Авторы (Айтушы)
Мұсабек Байзақұлы (Молда Мұса) (1843-1932) – ақын, суырыпсалма, айтыс ақыны. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданы, Шоқтас ауылында дүниеге келген. Ескіше білімді болған және біршама орысша да білген. Оның назиралық туындыларымен бірге, қазақтың “Ер Тарғын”, “Қобыланды батыр” жырларын өзіндік ерекшелікпен жырлағандығы жөнінде деректер бар. Оның айтуындағы халық жырларының “Шора батырдан” басқасы жазылып алынбаған. Молда Мұсаның жырды әуелі хатқа түсіріп, одан соң жатқа айтатын ерекшелігі болған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Мұса Тоққожаев – Молда Мұса мұраларын хатқа түсіруші. Мұсабектің ағайыны әрі шәкірті. Ол Молда Мұсаның тапсырмасымен 1917 жылдан бастап ақын шығармаларын хатқа түсіре бастаған. Оның ішіне “Ер Шора” жыры да енген. Ол 10000 жолға жуық Молда Мұса мұрасын қағазға түсірген, кейбіреулерін өткен ғасырдың 60-жылдары қайта көшірген. Әсілхан Оспанұлы (1924–2005) – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз, жазушы-журналист және қоғам қайраткері. Қаратау атырабындағы Мәделі, Майлықожа, Молда Мұса ақындардың шығармашылығын көп зерттеген. Шымкент пединститутында аға оқытушы, доцент қызметін атқарған. Ол Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы, генерал Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеген.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1917 жылы М.Тоққожаев Молда Мұсаның жырларын ақынның өз тапсырмасымен араб әрпінде хатқа түсіреді. Уақыт өте келе 1960 жылдардың басында оны кирилл жазуына қайта көшірген.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
286
8. Бет, жол саны, өлшемі
160; 311; 28: 17х21; 12 х 19,5
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Қалың оқушы дәптеріне қарындашпен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Батырлар жыры
12. Қысқаша мазмұны
Тама руынан шыққан Нәрікбай перзентсіздік зарын тартады. Баласына шұбар атты бәсірелеп қояды. Бауыры Әуез осы атты сұратады. Баласы жоқтығын бетіне басқанға ренжіп, түрікпендерге көшіп кетеді. Бұл жерде де Әліби атты би қубастығын бетіне басып, Шұбар атты сұратады. Бәрінен түңілген Нәрікбай әйелі Құлқанысты ертіп, әулиелерге түнеп, бала сұрайды. Бабай Түкті Шашты Әзіз түсіне кіріп, аян берді. Нәрікбай әйелімен еліне оралады. Құлқаныстың аяғы ауыр болып, жолбарыстың жүрегіне жерік болады. Тоғыз ай, тоғыз күннен соң әйелі ұл босанады. Бала ерекше болып ержетеді. Түрікпендер аз тамаға әлімжеттік көрсетеді. Оған шыдамаған Шора түрікпендерге қарсы шығады. Әкесі бәсірелікке атаған шұбар ат сенімді серігіне айналады. Есім екеуі бірігіп, Қазан қаласын қалмақтардан құтқарады. Әлімхан хан қызы Түймебикені Шораға қосады. Және Қараманның қызы Жөрметөзді де әйелдікке алады. Еліне қайтып оралып, жұртын түрікпендердің қысымынан құтқарады. Бұл жырдың бірінші бөлімі қалмақ қызы Жөрметөздің Шораның бәйбішесі Түймебикеден қорлық көріп, еліне қашып кетуімен аяқталады. Жырдың екінші бөлімі Жөрметөздің еліне қашып келгенінен басталады. Ол Шорадан жүкті болады. Алып атты баланы дүниеге әкеледі. Алып ерекше бала болып ер жетеді. Қалмақтар Шора батырдан кек алмақ мақсатында Алыпқа әкесінің Шора екенін білдіртпейді. Бала ержеткен соң, Қазан қаласына жорыққа аттанады. Шешесі Жөрметөз де бірге барады. Алып батыр Есім мен Нәрікбайды байлауда ұстап, елді қыра бастайды. Бұл уақытта Шора аң аулауға кетеді. Жыр Шораның аңнан қайтқан кезімен бітеді. Жыр аяқталмаған.
13. Басы:
Бисмылда деп бастайын…
14. Соңы:
Айдаһардай ысқырып.
15. Қосымша мәлімет
Жинаушының қолтаңбасы. 1917 жылы М.Тоққожаев Молда Мұсаның жырларын ақынның өз тапсырмасымен араб әрпінде хатқа түсіреді. Уақыт өте келе 1960 жылдардың басында оны кирилл жазуына қайта көшірген.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш