Түркістан өңірінен шыққан Тілеуберді батырдың күші жүз адамға татитын, жорыққа қасына екі-ақ жігіт ертіп шығатын даңқты ер ретінде суреттеледі. Перзент сүймей, мұң кешкен батыр Абылай ханның атағын естіп, оның ордасына бет алады. Жолда елсіз даладағы зират маңынан белгісіз бір жігітке кездесіп, онымен айқасады. Кейін оның Айдарқан байдың Арғын есімді жалғыз ұлы екенін біледі. Арғын жау шапқан кезде қарусыз күйінде қолға түсіп, тоқсан адамға тұтқындалып, кейін ен далаға байлаулы күйінде тасталған екен. Қол-аяғын босатқан соң, түзде тышқан аулап күн көріп жүрген жерінен Тілеуберді батыр оны тауып алады. Тілеуберді Арғынды еліне жеткізер алдында оған өзін алғашында танымаған кейіп танытуды тапсырады. Ауылына келгенде Арғынды жоқтап отырған елі оны көріп қуанып, той жасайды. Арғынның ата-анасы Тілеубердіге ақ батасын береді. Батасы қабыл болып, Тілеуберді үш әйелінен үш перзент сүйіп, бақытты ғұмыр кешеді.